Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорын артық штат пен тиімсіздік үшін сынағанымен, қор құрылымдары жүздеген миллион теңгеге заңгерлік қызмет сатып алуды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Qumash редакциясына сілтеме жасап.
Ашық деректерге қарағанда, квазимемлекеттік сектордағы бірнеше компания заңгерлік қызметтерге қомақты қаржы бөлген:
- «QazaqGaz» – шамамен 900 млн теңге
- «Семей Энерго» – 720 млн теңге (бірнеше жылға)
- «АлЭС» – 148 млн теңге
- Qazaq Green Power – 300 млн теңгеге жуық
- Басқа жобалар мен тендерлерді қоса есептегенде, жалпы сома 3,5 млрд теңгеден асады
Бұл қаржы негізінен халықаралық құқық, арбитраж және шетелдік келісімдерді сүйемелдеуге жұмсалмақ.
Кейбір конкурстар бірдей шарттармен өтсе де, нәтижелері әртүрлі болған. Мысалы, 749 млн теңгелік екі ұқсас тендердің бірі аяқталса, екіншісі кейіннен мүлде жарамсыз деп танылған.
Сондай-ақ кейбір жеңімпаз компаниялардың қор басшылығына жақын адамдармен байланысы бар екені айтылып отыр. Бұл ашықтыққа қатысты сұрақтарды күшейтеді.
Тоқаев қордағы «ештеңе істемей отырған қызметкерлерді» сынап, реформа қажет екенін айтқан. Алайда қазіргі жағдайға қарағанда, ірі шығындар бұрынғыдай жалғасып жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, миллиардтаған теңгенің заңгерлерге жұмсалуы жүйедегі ескі тәсілдердің сақталып отырғанын көрсетеді.
