"Самұрық" бизнеске кедергі келтіріп отыр - депутат

Сағыныш Сардарова 29 мам. 2025 10:12

Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев "Самұрық" бизнеске кедергі келтіріп отырғанын айтып, Үкіметтен шара қабылдауды сұрады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Samruk-Kazyna Construction" ісі

Жуырда "Samruk-Kazyna Construction" АҚ басқарушы директоры мен "Дорстройтрест" ЖШС басшысына қатысты қылмыстық тергеу аяқталғаны белгілі болды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, олар "Көк-Төбе" тұрғын үй кешенін салу жөніндегі келісімшарт аясында алдын ала аударылған 2,6 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырды деген күдік бар.

Тергеу барысында бұл қаражат мақсатты түрде пайдаланылмағаны, оның орнына құрылысқа қатысы жоқ қарыздарды өтеуге және көлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды. Сонымен қатар, шамамен 650 млн теңгеге жалған шарттар арқылы ЖШС-тердің шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Құрылыс мерзімі созылып, көптеген заңбұзушылық тіркелген.

Депутаттың мәлімдемесі

Ерлан Барлыбаев квазимемлекеттік компания неге бұл салаға араласқан деген сауал қойды.

"Мұндағы басты мәселе қаражаттың ұрлануында ғана емес. Ең маңызды сұрақ – квазимемлекеттік компания қандай негізде тұрғын үй құрылысы саласына араласты? Бұл жағдай логикалық сұрақ тудырады: мемлекеттің қолдауынсыз, жеңілдіктер мен преференцияларсыз жұмыс істеп жатқан жекеменшік құрылыс компаниялары ұлттық холдингтердің тікелей немесе жанама бюджет қаржысын алып отырған еншілес ұйымдарымен қалайша бәсекелесе алады? Мұндай тәжірибе әділ бәсекелестік негіздерін аяққа таптап, нарықтық ортаны бұзып, жеке бизнесті ығыстырады. Квазимемлекеттік компаниялар тек мемлекеттің қатысуынсыз стратегиялық маңызы бар міндеттерді жүзеге асыру мүмкін болмайтын салаларда жұмыс істеуі тиіс: инфрақұрылым, қауіпсіздік, аса маңызды технологиялар", - деді ол.

Оның сөзінше, қалған барлық сала жеке бизнеске беріліп, ол өз кезегінде дамуға, инвестиция тартуға және салық түсімдерінің артуына ықпал етуі қажет.

"Ал іс жүзінде квазимемлекеттік сектор субъектілері бәсекелі салаларға белсенді араласуын жалғастырып отыр. Олардың қызметі көбіне тиімсіз және шығыны көп, алайда мемлекеттік ресурстар есебінен қолдау табады. Мемлекет экономикадағы өзінің нақты орнын айқындауы қажет. Қай жерде мемлекеттің қатысуы қажет, ал қай жерде оның араласпағаны жөн, осыны анықтап алмаса, бәсекеге қабілеттілікті арттыру немесе инвестиция тарту туралы сөз болуы мүмкін емес", - деді ол.

Депутат мынадай шаралар қабылдауды ұсынды.

  • Тұрғын үй құрылысы сияқты жеке кәсіпкерлік табысты жұмыс істеп отырған бәсекелі экономика салаларына квазимемлекеттік компаниялардың қатысуына тыйым салу;
  • Мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың нарықтық қызметке әділетсіз араласу жағдайларына байланысты монополияға қарсы бақылауды күшейту.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар