Самат Әбіш неге оңай жазамен құтылып кетті? Сот түсіндірді

Көркем Алдабергенова 18 сәу. 2024 14:27 5412

Сот Самат Әбіш неліктен шартты мерзіммен сотталғанын түсіндірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz редакциясына сілтеп.

«Қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша шартты түрде сотталуға болмайтыны туралы ақпарат қате. Қылмыстық кодекстің 11-бабына сәйкес, ауыр қылмыстарға 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген қасақана әрекеттер жатады, сәйкесінше, көрсетілген мерзімнен жоғары санкциясы бар құқық бұзушылықтар аса ауыр қылмыс санатына жатады», - дейді Астана сотындағылар.

Сот мәліметінше, 362-бапты, 4-бөлігі бойынша ең ауыр жаза 10 жыл бас бостандығынан айыру, сондықтан бұл ауыр қылмыс санатына жатады. Ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық заңмен Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес шартты жаза қолдануға тыйым салынбайды. Бұл норма аса ауыр санаттағы қылмыстарға қолданылмайды.

«Самат Әбіш жасаған қылмыс сыбайлас жемқорлық емес, оның пайдакүнемдік мақсатқа ұмтылғаны немесе іс бойынша пайда тапқаны туралы ешқандай дәлел жоқ. Сондықтан ҚК 63-бабын қолдануда шектеулер болған жоқ. Сот шартты түрде соттауды қолданған кезде жасалған қылмыс үшін кінәні толық мойындау, шын жүректен өкіну, асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуы, сондай-ақ қылмысты алғаш рет жасау ескерілді.

Сонымен қатар, Самат Әбіш қылмыстық құқық бұзушылықтың өзін ашуға белсенді үлес қосты, басқа адамдар елден заңсыз шығарған активтерді белгілеуге және қайтаруға белсенді қатысты", - деп түсіндірді соттағылар.

Еске салайық, бұған дейін 8 жылға сотталған Самат Әбіш кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінгенін жазған едік.

Cот Әбішке қатысты билікті асыра пайдаланғаны үшін үкім шығарған. Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жарияланымдарға байланысты Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты билікті асыра пайдаланды деп айыпталған Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс (ҚР ҚК 362-бабы 4-бөлігі) қаралғанын хабарлайды. "Құпия" белгісін ескере отырып, сот отырыстары жабық форматта өткен.
 
Тараптардың ұстанымы

Сотта прокурор айыпты қолдап, соттан Әбішті белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл ретте ҚК-нің 63-бабының негізінде жазаны пробациялық бақылау белгілей отырып, сол мерзімге шартты түрде деп санауды айқындады.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінген.
 
Сот үкімі

Сот үкімімен Самат Әбіш ҚР ҚК 362-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҚР ҚК 63-бабы негізінде тағайындалған жазаны шартты деп санау туралы қаулы етілді.

Сот сотталушының жас балаларының болуын және оның шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

ҚР ҚК 49-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот Қазақстан Республикасының Президентіне арнаулы атағынан және мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізу туралы шешім қабылдады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар