Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Бахытжан Байжанов амнистияға ілігу үшін өтініш берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«2024 жылғы 9 шілдеде Степногор аудандық сотына Бахытжан Байжанов жазасын амнистия туралы заңға сәйкес қысқарту туралы өтініш жолдады. Қарау күні әлі белгіленген жоқ», – делінген Жоғарғы соттың Informburo.kz-ке берген жауабында.
Айта кетейік, 2024 жылдың маусым айының соңында сот үкімі күшіне енген болатын. Онда Байжанов аса ауыр қылмысты күні бұрын уағдаласпай жасырып қалғаны үшін кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Амнистия туралы заңға сәйкес, мұндай санаттағы қылмыстар үшін жаза мерзімінің бестен бір бөлігін қысқарту қарастырылған. Бұл шамамен тоғыз айға қысқаруды білдіреді.
2023 жылғы 26 тамызда Байжанов өзінің кассациялық шағымын қайтарып алған. Оның адвокаты мұндай шешімнің себебін атаудан бас тартқанымен, қорғауындағы адамның кез келген уақытта қайта жүгінуге құқығы бар екенін, бұл үшін ескеру мерзімі жоқ екенін атап өткен.
23 маусымда Қазақстан Президенті Конституцияның 30 жылдығына орай амнистия туралы заңға қол қойды. Бұл заң 15 мыңнан астам сотталған адамға қатысты қолданылады. Солардың шамамен екі мыңы түрмеден босатылып, қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Амнистияны қолдану мәселесіне қатысты материалдар 2025 жылдың соңына дейін соттарға жолданатын болады.