Freedom Inside '26

Салауатты өмір салтын насихаттайтын жаңа жоба іске қосылды

Салауатты өмір салтын насихаттайтын жаңа жоба іске қосылды
dalanews

Алматыда тұрғындар арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға бағытталған Almaty Move қалалық жобасы басталды. Жоба спортпен шұғылдануды барынша қолжетімді етіп, қала тұрғындарын белсенді өмір салтына тартуды көздейді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бүгінде денсаулықты сақтау мен физикалық белсенділікті арттыру қоғамның маңызды міндеттерінің біріне айналды. Осыған байланысты қолға алынған жоба аясында әр демалыс сайын Алматының түрлі қоғамдық кеңістіктерінде тегін спорттық іс-шаралар өткізіледі. Олардың қатарында йога, стретчинг, жүгіру жаттығулары, скандинавиялық жүріс, зумба, емдік дене шынықтыру сабақтары және балаларға арналған спорттық ойындар бар.

Жобаның ерекшелігі – кез келген адамның арнайы дайындықсыз қатыса алуында. Барлық сабақтар ашық аспан астында өткізіліп, тұрғындарға өз үйлеріне жақын жерде жаттығу жасауға мүмкіндік береді.

Жоба ұйымдастырушыларының бірі - Светлананың айтуынша, бастаманың негізгі мақсаты – тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын күнделікті әдетке айналдыру.

– Almaty Move – қала тұрғындары үшін қолға алынған жаңа бастама. Біз спортпен айналысу үшін арнайы дайындықтың немесе қымбат абонементтердің міндетті емес екенін көрсеткіміз келеді. Сондықтан барлық іс-шараларды ашық алаңдарда өткіземіз және олар баршаға тегін. Біздің миссиямыз – қозғалысты әр адамның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдыру. Спорт қолжетімді, қарапайым әрі қызықты болуы керек, – дейді ұйымдастырушы.

Оның айтуынша, жоба аясында әр ай белгілі бір бағытқа арналады.

– Маусым айын Балаларды қорғау күніне орай балаларға арналған белсенділіктерге арнадық. Аниматорлардың қатысуымен спорттық эстафеталар, командалық ойындар және түрлі интерактивтер өткізілді. Шілде айында йога мен стретчинг сабақтарына басымдық беріп отырмыз. Мәселен, бүгін Бірінші Президент фонды жанындағы саябақта стретчинг сабағы өтсе, 28 панфиловшылар саябағында йога жаттығуы ұйымдастырылды. Сабақтар бір уақытта әртүрлі локацияларда өтеді. Бұл тұрғындарға өздеріне ыңғайлы орынды таңдап, қатысуға мүмкіндік береді, – дейді Светлана.

Ұйымдастырушының сөзінше, қатысушылар үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалған.

– Йога мен стретчинг сабақтарына арналған төсеніштерді өзіміз ұсынамыз. Дегенмен, қатысушылар қалауына қарай жеке төсеніштерін ала келуіне болады. Ал тамыз айында тұрғындарды жаңа спорттық белсенділіктер күтіп тұр. Барлық ақпаратты, сабақ кестесі мен өткізілетін орындарды Almaty Move жобасының әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап отырамыз, – дейді ол.

Мұндай жобалар тұрғындардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, отбасылық демалыстың жаңа мәдениетін қалыптастыруға, бос уақытты тиімді өткізуге және қоғамда салауатты өмір салтын дәріптеуге ықпал етеді.