Freedom Inside '26

Саиров: «Аманаттың артынан Назарбаевтың құлағы көрініп тұратын»

Саиров: «Аманаттың артынан Назарбаевтың құлағы көрініп тұратын»
amanatpartiasy.kz

Мәжіліс депутаты, «Аманат» партиясының мүшесі Ербол Саиров «Әділет» партиясының «Аманатқа» қосылуын Қазақстанның саяси жүйесін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев кезеңінен түбегейлі ажыратуға бағытталған қадам деп бағалады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, партия атауы «Нұр Отаннан» «Аманатқа» өзгергенімен, қоғамда оның бұрынғы саяси жүйемен байланысы туралы пікірлер сақталып келді.

«Нұр Отан атауы өзгергенімен, Аманаттың артынан Назарбаевтың құлағы шығып тұратындай көрінетін», – деді Ербол Саиров.

Оның пікірінше, «Әділет» партиясымен бірігу саяси ұйымның жаңа кезеңге өтуіне мүмкіндік береді және бұрынғы саяси мұрадан толық арылудың символдық әрі саяси маңызы бар қадам саналады.

Саиров партиялық жүйедегі өзгерістердің мақсаты жаңару үдерісін жалғастыру және қоғамның саяси институттарға деген сенімін күшейту екенін атап өтті.

Еске салайық, бүгін «Аманат» партиясының кезектен тыс съезінде «Әділет» партиясын «Аманат» партиясына қосу туралы шешім қабылданды.