Фестиваль балық аулаушылар жарысымен басталды. Кейін халықаралық деңгейдегі сайыстарға ұласып, бір сәтте бірнеше спорт түрлерінен жарыс өтті. Атап айтқанда, қазақша күрес, желкенді қайық, академиялық есу, жағажай волейболы мен футболы, қол күресі, гир көтеру, арқан тарту, бөренге өрмелеу, қошқар көтеру сынды жарыстардан сайыпқырандар бақ сынады. Сондай-ақ, қонақтар Шардара ауданының тарихымен, ауыл шаруашылығы өнімдері және ұлттық қолөнер көрмесімен танысты.
Одан соң шара сахналық көрініспен жалғасып, фестивальдің басталуынан хабар беретін дауылпаздар дабыл қақты. Шардара ауданының өнерпаздары арнайы мерекелік «Safari Shardara» әнін орындады. Кейін Түркістан-Отырар-Шардара бағытында жүріп өткен мотобайкерлер сахна алаңында MOTOKROSS өнерін көрсетіп, жиылған қауымды тамсандырды.
Фестиваль су айдынындағы қайықтардың шоуымен жалғасты. Онда сайысқа қатысқан 15 балықшы қайықпен жағалауға келіп, еліміздің Туын желбіретті. Балықшылардың соңынан байдарка есушілер өнер көрсетті. Кейін «Қазына», «Шамсинур» би топтары және цирк өнерпаздары хореографиялық композиция орындады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі