«Рухани жаңғыру» бағдарламасы - жаңа даму кезеңінде

Dalanews 16 сәу. 2020 06:53 952

Шығыс Қазақстанда «Рухани жаңғыру» өңірлік орталығының ұйымдастыруымен Бағдарламаның 3 жылдығына арналған вебинар өтті.

«Рухани жаңғыру – халықтың рухани- адамгершілік және патриоттық тәрбие жұмысының жаңа кезеңі» деген атаумен өткен семинарға "Рухани жаңғыру" Қазақстандық қоғамдық даму институты" КЕАҚ-ның менеджерлері, аймақтық жобалық офистердің басшылары мен мамандары, басқармалар мен жоо-ғы жауапты тұлғалар онлайн режимінде қатысты.

Вебинар модераторы «Рухани жаңғыру» өңірлік орталығының басшысы Мәдениет Ахметова қатысушыларды үш жылдықпен құттықтап, мемлекеттік Бағдарламаны өңірлерде нәтижелі жүзеге асырып, Елбасының алға қойған міндеттерін халыққа жеткізе білген жобалық офистерге ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар,  осы уақыт аралығында атқарылған жұмыс барысын қорытындылап, басты міндеттерге тоқталып, жұмысқа қажетті нұсқаулық тізімін ұсынды. Бүгінде өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 18 өңірлік жоба мен 17 кіші жоба жүзеге асырылып келеді.

Мәдениет Медеуханқызы айтып өткендей, «Рухани жаңғыру» - Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні сияқты.  Осы ретте Шығыс Қазақстанда тарихи мұра мен әдебиет сабақтастығын үңдестіре білген жобалар қатары әр форматта өткізіліп, 3 жыл ішінде 8 мыңнан астам іс-шараға ұласты.

Вебинарға қосылған "Рухани жаңғыру" Қазақстандық қоғамдық даму институты" КЕАҚ менеджерлері Серік Молдағалиев пен Жазира Каменова Бағдарламаны жүзеге асыру барысында көрсетілетін методикалық көмек пен сараптамалық жұмыстың жүргізілу барысына тоқталды. Республикалық институт күнделікті өңірлерде өткізілген шаралардың барысына аналитикалық талдау жүргізіп, аймақаралық тәжірибе алмасуға баса назар аударып келеді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жобалық менеджментпен сабақтастыру, жоспарлы түрде жұмыс жүргізу туралы ШҚО ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы Гульфия Берікполова баяндама жасады.

– Жобалық менеджментті тиісті ұйымдастырған кезде, жүйелі жұмыс болады. Сондықтан Бағдарламаны жүзеге асыру жүйелікке негізделу керек, - деді баяндамашы өз сөзінде.

Семей қаласындағы жобалық офис жетекшісі Бақытгүл Оралбекова мен Жарма аудандық білім беру бөлімінің басшысы Қанат Шаймұратов Бағдарламаның өңірлерде жүзеге асырылуы, шараларға жастарды тарту мен патриоттық тәрбие беру жөнінде баяндама жасады.

Ал, Риддер қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Дүкенбаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ақпараттық қамтамасыз ету төңірегінде сөз қозғады.

Үш жылда Риддер қаласында бағдарлама аясында өткізілген шаралар туралы 3 мыңнан астам ақпараттық материал жарық көріп, әлеуметтік желілерде ақпарат тарату қарқыны артты.


– Бүгінде цифрлық байланыстың дамыған шағы. Сондықтан әрбір шараны ақпараттық қамтамасыз ету үдерісін кеңейтіп, оперативті жолға қоюымыз керек. Өйткені қоғаммен кері байланыс болған кезде ғана, жұмыс нәтижесі болады, - деді Мәдениет Ахметова өз қорытынды сөзінде.

Сонымен қатар, вебинар қорытындысы бойынша өңірлік орталық басшысы Мәдениет Медеухановна "Рухани жаңғыру" Қазақстандық қоғамдық даму институты" КЕАҚ-мен бірлесе жасалған ұсыныстарды тізбектеп өтті. Азаматтық қоғамды, ұлтаралық және жергілікті қоғамдастықтың, прагматизм мен қоғамның эволюциялық  дамуына бағытталған ұсыныстар барлық жобалық офистерге арналған.

Алдағы уақытта жоспарлы түрде жүзеге асырылатын ұсыныстар жаңа қазақстандық қоғам үлгісін қалыптастырып, азаматтардың замануи көзқарасын рухани жаңғырумен сабақтастыратын болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар