Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қазіргі уақытта есін біледі. Бұл туралы оны бүгін ауруханада арнайы барып көрген Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев мәлімдеді. Ол ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырып, тергеу барысы бақылауда екенін атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ал блогер Бейбіт Әлібековтың айтуынша, алдағы уақытта Алматыдан келген дәрігерлермен консилиум өткізу жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды. Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Руслан Берденовке операция жасалған, өміріне қауіп жоқ.
"Шымкент қаласы әкімінің орынбасары оқ жарақатымен қалалық ауруханаға түсті. Оған шұғыл операция жасалды. Операция барысында қан кету тоқтатылды, зақым қалпына келтірілді. Өміріне қауіп жоқ", - деп жазылған хабарламада.
Мәліметке сүйенсек, оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Шенеунік дәрігерлердің тұрақты бақылауында және қажет медициналық көмекті алып жатыр.