Қостанай облысының Рудный қаласында үш полиция қызметкеріне қатысты сот процесі өтіп жатыр. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, олар телефон ұрлығы туралы қылмыстық істі тоқтату үшін күдіктіден 1 миллион теңге талап еткен, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Нашей газеты" басылымының мәліметінше, сот алдында Мадьяр Тажин, Мырзагелді Умаров және Серікболсын Асылхан жауап беріп жатыр. Оларға алдын ала сөз байласқан адамдар тобы болып, бопсалау арқылы пара алды деген айып тағылған.
Істің басталуына «Соколовская» шахтасының киім ауыстыратын бөлмесіндегі шкафтан телефон ұрлануы себеп болған. Бұл қылмыс бойынша күдікті атанған Даниил Коренчук кейін сот үкімімен кінәлі деп танылды. Сот дерегіне сәйкес, ұрланған телефон, қаптама және екі SIM-картаның жалпы құны 78 мың теңге болған.
Айыптау нұсқасына сай, полицейлер Коренчуктан ұрлық ісін тоқтатқаны үшін 1 миллион теңге сұраған. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағымданғаннан кейін, қызметкерлер 450 мың теңге қолма-қол ақша беріліп жатқан кезде ұсталған.
Коренчуктың өзіне қатысты үкім 10 шілдеде шыққан: сот оған үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, рақымшылықты ескере отырып, мерзімді екі жылға қысқартқан.
Қазір сот куәлардан жауап алып, іс материалдарын зерттеп жатыр. Қорғаушылар жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарын және аудиожазбаларды зерттеген сарапшылардың қорытындысын дәлелдемелер қатарынан алып тастауды сұраған. Бұл өтініштер бойынша соттың қандай шешім қабылдағаны әзірге айтылмады.
Үш полицейге тағылған айып бойынша түпкілікті шешімді сот шығарады.