Қостанай облысы Рудный қаласының прокуроры қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қостанай облысы прокуратурасының ішкі қауіпсіздік бөлімі өңірлік ҰҚК департаментімен бірлесіп, Рудный қаласының прокурорын қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікпен ұстады.
Ұстау шарасы 28 қыркүйекте өз қатарларындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жүргізілді.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін 9 қыркүйекте Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Әбдіровтің ұсталғаны жайлы ақпарат тараған еді. БАҚ-та оның мас күйінде жанжал шығарғаны туралы ақпарат тараған. Оқиға оның еңбек демалысы кезінде орын алғаны айтылды.
Ерболат Әбдіров 2024 жылдың ақпан айында Ақтау қаласының прокуроры болып тағайындалған.
Тергеу дерегінше, 27 тамыз күні сағат 23:00 шамасында Air Astana әуе компаниясы өкілдері ер адамның жолаушыларға тиісіп, оларды қорлап, қоғамдық тәртіпті бұзғаны жөнінде шағым түсірген.
Сотта Әбдіров өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол оқиға ұшаққа апаратын автобуста болғанын, мұндай арнайы көлік қоғамдық орынға жатпайтынын, сондықтан бұл жағдайда қоғамдық тәртіпті бұзу туралы айтуға негіз жоқ екенін жеткізді.
“Өзімді әдепті ұстадым, әрекеттеріме толық есеп бердім, жағдайым қалыпты болды. Әуежай ғимаратында бірнеше тексеруден өткен соң ғана әуе компаниясының қызметкерлері мені рейстен түсірді”, – деді прокурор.
Нәтижесінде, Әбдіров ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жазаға тартылды.
Алғашқы сот инстанциясы оның әрекетін құқық бұзушылық деп таппағанымен, облыстық сот бұл шешіммен келіспей, 78 640 теңге көлемінде айыппұл салды.