Роман Скляр: Биыл Қазақстан 175 жаңа жолаушылар вагонын сатып алады

Көркем Алдабергенова 31 шіл. 2025 14:04

Қазақстан биыл жыл соңына дейін теміржол тасымалы саласына қажетті 175 жаңа жолаушылар вагонын сатып алмақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте бірінші вице-премьер Роман Скляр мәлімдеді.

Баспасөз мәслихатында Скляр Президент тапсырмалары аясында елдегі көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

«Бүгінде республикада бірқатар ауқымды теміржол жобалары іске асырылуда. «Достық – Мойынты» және «Алматы айналма теміржол желісі» жобалары аяқталуға жақын. Алдағы жылы «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал» желілері іске қосылады. 2027 жылы «Бақты – Аягөз» теміржолы пайдалануға беріледі», – деді Роман Скляр.

Үкімет басшысының орынбасары жаңа теміржол желілері жүк пен жолаушылар тасымалын арттырып, ел экономикасына оң ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ, жаңа вагондардың іске қосылуы жолаушылар тасымалының сапасын айтарлықтай жақсартады деп күтілуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар