Рымбаева мен Тұрлыхановты алдап кеткен кәсіпкердің ісіне қатысты жаңа деректер шықты

Көркем Алдабергенова 14 қар. 2024 14:38 2339

Әнші Роза Рымбаева мен депутат Дәулет Тұрлыхановты алдап кеткен кәсіпкердің ісіне қатысты жаңа деректер шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, 63 жастағы кәсіпкер Серік Бекқайыровқа апелляциялық шағым жәбірленушілердің бірінен түскен.

"Алдын ала деректер бойынша жәбірленушілердің біріне келтірілген залал сомасы 39 миллион теңгеден 54 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Нақты сома сот актісінде көрсетіледі", - деп хабарлады сотта.

Еске салайық, бұған дейін әнші Роза Рымбаева мен депутат Дәулет Тұрлыхановты алдап кеткен кәсіпкер сотталған болатын. 

63 жастағы кәсіпкер Серік Бекқайыров асыл тұқымды жылқылар мен автомобильдерді сатумен айналысқан. Кәсіпкер алаяқтықтың 4 эпизоды бойынша 6 жыл, 8 ай мерзімге сотталды. Екі эпизод бойынша зардап шеккен - әнші Роза Рымбаева мен депутат Дәулет Тұрлыханов. 

Қылмыстық істің материалдарына сәйкес, 2013 жылы жазда Бекқайыров Тұрлыхановқа келіп, асфальт-бетон зауытын салуға 1,2 миллион доллар сұраған. Кәсіпкер Тұрлыхановқа зауыттың жартысын беретінін айтқан. Депутат сұраған ақшасын беріп, келіскен. 

Алайда сотта айыпталушы Тұрлыхановты 1989 жылдан бері танитынын, екеуі көрші болғанын, бірақ депутаттан ешқандай ақша алмағанын айтқан. Сотта кәсіпкер қазір ешкім біреуге 1,2 миллион долларды жайдан жай бере алмайтынын атап өткен. 

"Тергеу изоляторында отырған кезімде екі тергеуші мен Тұрлыхановтың адамдары келіп, 2 миллион доллар талап етіп, қорқытты. Бұл эпизод бойынша айыптау ойдан шығарылған. Дәулет Тұрлыхановтың тарапынан қорқытып, үркіту әлі жүріп жатыр", - дейді сотта Бекқайыров. 

Кәсіпкер Роза Рымбаеваны да алдамағанын айтады. Серік Бекқайыровтың сөзінше, 2017 жылы Рымбаевамен танысып, Алматыдағы пәтерін 400 мың долларға сатып алған. Кәсіпкер мұндай ақша қолма-қол болмағандықтан әншімен үш жылға бөліп төлеу үшін нотариуспен келісім жасаған екен. Бұл уақыт аралығында кәсіпкер тек 205 000 долларын төлей алған. Қалған сомасын төлей алмаған, себебі 2020 жылы пандемия басталған, салдарынан кәсібі тоқтап қалған. Қазір пәтердің тағдыры не болғаны белгісіз. Алайда тергеу мәліметтері бойынша, Бекқайыров оны сатып, ақшасын жұмсап жіберген.  
 
Айып тағылған кәсіпкер тағы екі адамды алдаған. Біреуімен 2019 жылы танысып, 70 мың доллар берсе энергетика министрлігі арқылы электрэнергиясын тиімді бағада алып беруге уәде берген. Ал төртінші эпизод бойынша зардап шеккен адамнан 75 мың долларға көлігін сатып алып, ақшасын кейін беретінін айтқан. Бұл оқиға 2020 жылы болған. Алайда кәсіпкер кінәсін мойындамаған.  
 
Сот айыпталушының дәлелдерін қабылдамай, айыптау үкімін шығарған. Кәсіпкер Тұрлыхановқа - 533 748 000 теңге, Рымбаеваға 91 181 950 теңге, қалған екі жәбірленушіге 31-33 миллион теңге өтеуге міндеттелді.  

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар