Риддерде 13 жастағы қыз мотоциклмен келе жатып, ат байланған арқанға соғылып қаза тапты

Риддерде 13 жастағы қыз мотоциклмен келе жатып, ат байланған арқанға соғылып қаза тапты
ашық дереккөз

Риддер қаласында қайғылы оқиға болды. 23 тамызда қаланың жеке секторында 13 жастағы қыз мотоциклмен келе жатып, қаза тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша жасөспірім эндуро мотоциклін өзі жүргізген. Артында 15 жастағы құрбысы отырған. Екі қыз келе жатқан кезде олардың алдынан арқан тартылып тұрған. Арқанды жергілікті тұрғын үй маңындағы бағанға байланған атты ұстау үшін пайдаланған.

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті мәліметінше, жасөспірім мотоциклмен арқанға соғылып, ауыр жарақат алған. Ол оқиға орнында көз жұмды. Ал 15 жастағы жолаушы ауруханаға жеткізілді.

"Көлік тізгінінде отырған жасөспірім оқиға орнында қайтыс болды. 15 жастағы жолаушы медициналық мекемеге жатқызылды. Риддер қаласының полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеуді бастады. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр. Жануардың иесі анықталып, полиция бөліміне жеткізілді", - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қылмыстық істің тергелу барысы ШҚО Полиция департаменті бастығының бақылауында.