Бурабайда жергілікті билік сот арқылы тұрғындар мен кәсіпкерлердің жер телімдерін қайтарып ала бастаған. Заңгерлердің сөзінше, бұл шамамен 1800 меншік иесіне қатысты. Олардың небәрі 50-ге жуығы – кәсіпкерлер, қалғандары – Бурабай мен Светлый ауылдарының қарапайым тұрғындары, деп хабарлайды Dalanews.kz
Кәсіпкер Игорь Стрельцов бір жыл бұрын Бурабайдан 26 млн теңгеге жер телімін сатып алып, онда демалыс аймағын ашқан. Ол шамамен 400 млн теңге жұмсап, аумақты тазалап, инфрақұрылым тартып, 70 қонаққа арналған 24 үйшік орнатқан. Барлық үйшік ресми түрде құжатымен пайдалануға берілген. Дегенмен жуырда ол алдыңғы жер иелері және жергілікті билік өкілдерімен бірге сотқа шақырылыпты.
Бұл талап арызды Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаменті түсірген. Басқарма жер теліміне қатысты барлық мәмілені жарамсыз деп тануды сұрап отыр.
"Әрбір үйшік заңды түрде тіркелген. Жер учаскесіне нотариалды куәландырылған акт бар. Жер қомақты қаржыға сатып алынды. Барлық нысан ресми түрде пайдалануға берілген. Былтыр бірнеше мемлекеттік орган тексерді, ешқандай заңбұзушылық таппады. Мұндай жағдай жалғыз менде емес, басқа кәсіпкерлерде де осындай мәселе бар. Олардың айтуларынша, бұл жер Мемлекеттік ұлттық табиғи паркке тиесілі екен. Егер солай болса, оны қалайша маған заңды жолмен сатты? Біз ішкі туризмді дамытып, қалтамыздан қаражат салып жатырмыз. Мемлекеттен ешқандай көмек сұраған жоқпыз. Бұл рейдерлік басып алу сияқты", – дейді кәсіпкер.
Бұл істерге Ақмола облысы прокуратурасының наразылығы себеп болған. Қадағалаушы орган 2022 жылы Бурабай ауданы әкімдігі мен мәслихаты Бурабай ауылының шекарасын заңсыз кеңейткенін анықтаған. Ал ұлттық парк жері халыққа тиесілі және жекешелендірілмейді.