Республика күні ШҚО-да 500-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады

Dalanews 18 қаз. 2022 13:31 1256

Биылдан бастап 25 қазан – Республика күні Ұлттық мерекелердің қатарына қосылған болатын. Шығыс Қазақстан облысында Ресупблика күні қарсаңында 500-ге жуық түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатынын бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Жанат Мекеева мәлім етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz

– Республика күнін атап өту үшін арнайы мерекелік іс-шаралар жоспарын күнібұрын дайындадық. Біздің шығысқазақстандық тұрғындар республика көлемінде жүзеге асатын «Қыран елім – Қазақстаным!» жалпыхалықтық патриоттық іс-шараға қатысатын болады. Аталған шара аясында ел азаматтары Мемлекеттік әнұранды орындап, көк байрағымызды салтанатты жағдайда көкке көтеретін болады, – деді Жанат Мекеева.

Дәл осы күні Шығыс Қазақстан облысында ел дамуына өз үлесін қосып жүрген азаматтарға мемлекеттік және ведмоствалық мекемелердің марапаттарын тапсыру рәсімі өтетінін де айта кетуіміз керек.

– Мереке күндері ШҚО тұрғындары «Таза табиғат» экологиялық акциясына, патриоттық челленджге қатыса алады. Сонымен қатар облысымыздағы этномәдени орталықтарының өкілдері «Өнеріміз саған, Қазақстан!» деп аталатын республикалық фестивальге қатысып бақтарын сынайды, – деді ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы.


Брифингке қатысқан ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов мереке қарсаңында Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында түрлі қойылымдар жұртшылық назарына ұсынылып, мерекелік концерттер ұйымдастырылатынын атап өтті.

– Өскемен тұрғындары мен қала қонақтарын мереке қарсаңында қойылатын қойылымдар мен «Ертіс концерт» мекемесінің мерекелік концерттерін тамашалауға шақырамыз. Сонымен қатар облыс аумағындағы кітапханаларда кітап көрмелері ұйымдастырылады. Ал 25 қазан күні Өскемен қаласындағы орталық алаңда мерекелік концерт өтеді. Бұл – біздің басты іс-шарамыз, – деді Нұрболат Ахметжанов.

Брифигтің соңында ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Жанат Мекеева мереке қарсаңында Шығыс Қазақстан облысында бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылтынын да атап өтті. Осылайша Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары 25 қазан Республика күнін жоғары деңгейде атап өтуді көздеп отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар