Мәжіліс кулуарында Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров партияның «Ақ жолмен» немесе өзге саяси ұйымдармен бірігуі туралы қауесеттерге пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, мұндай әңгімелер ақпараттық кеңістікте ара-тұра көтерілгенімен, қазіргі уақытта ешқандай партиямен бірігу жөнінде келіссөз жүргізіліп жатқан жоқ.
Ходжаназаров Respublica-ның дербес саяси күш ретінде құрылғанын және өз бағытымен дамуды жалғастыратынын атап өтті.
«Respublica – өз алдына құрылған тәуелсіз партия. Біз қандай да бір партиямен бірігу мәселесін қарастырып жатқан жоқпыз. Әр партияның өз бағдарламасы, өз сайлаушысы және өз міндеттері бар», – деді ол.
Партия төрағасы сондай-ақ соңғы уақытта қызу талқыланып жатқан «Әділет» пен AMANAT партияларының бірігуіне де тоқталды. Оның сөзінше, бұл аталған саяси ұйымдардың өз таңдауы және Respublica-ға қатысы жоқ мәселе.
Осылайша, Respublica басшылығы партияның «Ақ жолмен» немесе басқа саяси күштермен қосылуы туралы болжамдарды жоққа шығарды.