Ресейге қашқан сепаратист Қазақстанда ұзақ мерзімге сотталуы мүмкін

Қаракөз Амантай 14 мам. 2025 13:12 405

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресейге қашып, кейін сол жақтан Украинадағы соғысқа аттанған қазақстандық сепаратистің ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Orda.kz агенттігінің ресми сауалына жауап берген КНБ өкілдері қашқынға қатысты қылмыстық істің барын жанама түрде растады. Алайда тергеу құпиялығына байланысты істің толық мән-жайын ашуға болмайтынын айтты.

"Шетелдік мемлекеттердің жағында әскери қақтығыстарға қатысқан қазақстандықтарға қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы мәлімет — тергеу құпиясына жатады", — деп жауап берді ҰҚК.

Соған қарамастан, құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің қандай баптары бойынша іс қозғағаны белгілі. Негізгі айып — 172-бап, яғни "Шетел мемлекетінің қарулы жанжалдарына қатысу". Бұл бап бойынша күдікті 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сонымен қатар 392-бап — "Қазақстан шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту" бойынша да жауапқа тартылуы ықтимал. Бұл бап бойынша жаза бір жылға дейінгі мерзімді қамтиды, ал егер шекарадан ұйымдасқан қылмыстық топпен бірге өтсе, 5 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Қазіргі таңда қазақстандық билік қашқынды экстрадициялауға әрекет жасай ма, жоқ па — ол жағы әзірге белгісіз.

Айта кетейік, сәуір айында екі қазақстандықтың көмір тиелген вагонға жасырынып, ел шекарасын заңсыз кесіп өткені белгілі болды. Олар Курган облысында ресейлік шекарашылардың қолына түскен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар