Ресейдегі теракт: Тоқаев жедел отырыс өткізді

Қаракөз Амантай 24 нау. 2024 10:08 4603

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдегі терактіге байланысты Қауіпсіздік кеңесінің жедел отырысын өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жедел отырысы өтті. Мәскеу маңындағы бейбіт тұрғындарға жасалған зорлық-зомбылық әрекеттерін тағы да айыптай отырып, мемлекет басшысы терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен ынтымақтастығын қуаттады” делінген сенбіде жарияланған Ақорда хабарламасында. 

Шара барысында құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың жұмыс жоспарлары, сондай-ақ төтенше жағдайларда олардың қызметін үйлестіру мәселелері қаралды.

“Мемлекет басшысы еліміздің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және терроризмге қарсы іс-қимыл мақсатында Қазақстанның басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейтуге бағытталған тапсырмалар берді” деп толықтырды Ақорда.

Естеріңізге сала кетейік, 22 наурыз күні кешке Ресейдің Крокус Сити Холлында белгісіз біреулер ірі теракт жасаған болатын. Соңғы мәліметтер бойынша, лаңкестік әрекет салдарынан 115 адам қаза тапты, оның ішінде бірнеше бала бар. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Мәскеудегі терактіде қаза тапқандар мен зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат жоқ. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар