Ресейде Қазақстан тумасы 17 жылға сотталды

Көркем Алдабергенова 10 шіл. 2025 17:01

Ресейде Қазақстан тумасы 17 жылға сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстанда туған Петр Горбунов 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Мәскеудің 2-Батыс аймақтық әскери соты оны мемлекеттік опасыздық, террористік ұйым қызметіне қатысу және жарылғыш заттарды заңсыз сақтау баптары бойынша кінәлі деп таныды. Сот шешімі бойынша ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.

Тергеу мәліметтері бойынша, Горбунов Ресейде тыйым салынған террористік ұйым өкілдерімен байланысқа шығып, олардың тапсырмасымен орман алқабындағы жасырын қоймадан жарылғыш құрылғыларды алған. Бұл заттарды ол өз үйінде сақтап, кейін теракт ұйымдастыру мақсатында үшінші тұлғаларға бермек болған. Алайда Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) оны Белгород облысында құрықтап, жарылғыш құрылғыларды тәркілеп, залалсыздандырған.

ТАСС таратқан ресми мәліметке сәйкес, сот үкімімен Петр Горбуновқа 17 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, оған қоса 600 мың рубль көлемінде айыппұл салынған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар