Ресей зымыран соққыларына байланысты ҰҚШҰ-дан көмек сұрады ма?

Көркем Алдабергенова 28 қар. 2024 14:55 82

Ресей өз аумағына жасалған зымыран соққыларына байланысты ҰҚШҰ-дан көмек сұраған жоқ.Бұл туралы кеше Ресейдің ТАСС ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ресей өз аумағына жасалған зымыран соққыларына байланысты ҰҚШҰ-дан көмек сұрамаған

Бұл туралы кеше Ресейдің ТАСС ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов мәлімдеді.

– Ұжымдық қауіпсіздік шарты шеңберінде көмек көрсету, соның ішінде әскери көмек, мүше мемлекеттің өтініші немесе сұрауы бойынша жүзеге асырылады. Бұл шарттың нормалары бұған дейін тәжірибеде қолданылғаны белгілі. Қазіргі уақытта Ресей тарапынан мұндай өтініш түскен жоқ, – деді ол.

Иманғали Тасмағамбетов бүгін Астанада өтіп жатқан ҰҚШҰ саммитінің күн тәртібінде Ресей аумағына ATACMS зымырандары арқылы жасалған соққыларға қатысты арнайы мәселе қаралмайтынын атап өтті.

– Сіздер келтірген формулировкада бұл мәселе жеке күн тәртібінде жоқ. ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағы мен шекараларындағы жағдайды талқылау жоспарланған, бұл ұйымның үш аймағын: шығыс-еуропалық, кавказдық және орталық-азиялық өңірлерді қамтиды. Мемлекет басшылары қазіргі заманда ҰҚШҰ-ға мүше елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты барлық мәселелерді талқылайды, – деп жауап берді ол тілшінің сұрағына.

Украина тарапынан жасалған зымыран соққыларына Ресейдің "Орешник" кешенімен жауап беруіне қатысты Тасмағамбетов оның қолданылу тәжірибесі ҰҚШҰ аясында зерттеліп жатқанын айтты.

– ҰҚШҰ қазіргі заманғы қаруларды қолдану тәжірибесін, сынақтарын, даму перспективаларын зерттейді. Бұл біздің жұмысымыздың ажырамас бөлігі, – деп түсіндірді Иманғали Тасмағамбетов.

Еске салайық, бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҰҚШҰ саммиті басталды.

Астанада Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің және Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысы, сондай-ақ ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтеді.

Іс-шараларға ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысады.

Ұжымдық қауіпсіздік аймақтарындағы әскери-саяси жағдай бойынша пікір алмасу, ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастық нәтижелерін және ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамыту перспективаларын талқылау көзделіп отыр. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын бірлесіп мерекелеуге дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Қырғыз Республикасы 2025 жылы Ұйымға төрағалық етудің басымдықтары туралы ақпарат береді деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ саммит қорытындысы бойынша тараптар бірқатар құжатқа қол қоюды жоспарлап отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар