Ресей салып бермек болған ЖЭО-ларды Қазақстан өз күшімен тұрғызады

Көркем Алдабергенова 31 шіл. 2025 13:04

 

Қазақстан үш бірдей жылу-электр орталығын ресейлік әріптестердің көмегінсіз өзі салатын болды. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Склярдың айтуынша, бастапқыда Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы үш ЖЭО-ны Ресейдің «Интер РАО» компаниясы тұрғызуы тиіс болған. Ол үшін компания Қазақстаннан жеңілдетілген шартпен қаржы алуды көздеген.

«Алғашқы жоспар бойынша, «Интер РАО» бұл жобаларды экспорттық қаржыландыру есебінен жүзеге асырмақ болған. Алайда, компания қажетті қаржы көздерін тарта алмады. Сондықтан Қазақстан бұл жобаларды өз қаражаты есебінен жүзеге асыруға шешім қабылдады», – деді Скляр.

Қазір Көкшетаудағы ЖЭО құрылысының алғашқы кезеңі басталып кеткен. Жобаның бас мердігері – «Самұрық-Энерго» ұлттық компаниясы. Семей және Өскемен қалаларындағы ЖЭО-ларды салу жұмыстары да дәл осындай тәртіппен жүрмек.

«Егер алдағы уақытта ресейлік серіктестер тарапынан қаржы тарту туралы ұсыныстар түссе, «Самұрық-Энерго» оларды қарастыруға әзір. Бұған еш кедергі жоқ. Мұндағы басты мақсат – тарифтерді қолжетімді деңгейде ұстап тұру», – деп толықтырды вице-премьер.

Әзірге әр ЖЭО-ның нақты құны жарияланған жоқ. Бірақ Роман Склярдың айтуынша, бір гигаватт қуатқа жұмсалатын қаражат шамамен 2-2,5 миллион долларды құрауы мүмкін.

Айта кетейік, 2023 жылдың қарашасында Қазақстан-Ресей арасындағы ХІХ Өңіраралық ынтымақтастық форумында вице-премьер Серік Жұманғарин үш бірдей ЖЭО-ны Ресеймен бірлесіп салу жоспары туралы хабарлаған еді. Алайда, қазіргі жағдайда бұл жобаларды Қазақстан өзі жүзеге асыратын болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар