Ресей Қазақстанмен арадағы сыйластыққа сызат түсіргісі келмейді

Dalanews 09 қар. 2023 14:25 856

Бүгін елордоға Путин  келді. Ресми сапармен келгендіктен, екі ел президенттері Қазақстан мен Ресей арасындағы біраз саяси құжатқа қол қойыпты.

“Қазақстан ресейлік экономикаға салынған халықаралық санкциялар талабын сақтай отырып, өзара тиімді келісімдер жасауға қол жеткізді” - дейді ресми БАҚ.

   Санкциялардың талаптары сақталғаны дұрыс, әрине. Әйтпесе біздің елге зардабы да оңай болмасы анық қой.

    Путиннің қазір сыртқы саясатындағы алпауыт елдермен арадағы қарым-қатынасы күрделеніп, халықаралық санкциялардың салдарынан салы суға кетіп, жүні жығылып қалған ғой.

Сондықтан Қазақстан дәл қазір Ресей үшін ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі бірден-бір ел боп тұр. Осы сапарының өзінен - ақ Кремль үшін Қазақстанның орны бөлек екенін аңғаруға болады.

   Путин де әккі саясаткер ғой, кеше ғана Астанада Түркі елдері саммиті өткенін, Франция президенті келіп-кеткенін көріп, біліп отыр. Оның осы келісінде Кремль үшін Қазақстанның орны бөлек екені аңғарылды. Оның үстіне, жақында ғана Астанаға Франция президенті келіп-кеткен, одан кейін Түркі елдері ұйымының саммиті өткен – көршіміз мұның бәрін көріп-біліп отыр.

    Сондықтан да «21 ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы келісім-шарттың» он жылдығы олар үшін атап өтуге тұрарлық датаға айналғаны байқалады.

   Қазақта “жыланды үш кескенде, кесірткелік қауқары бар” деген сөз тегін айтылмаған. Дәл қазір бізде біреуге дөң айбат көрсетіп, желкемізді күжірейтетін жағдай жоқ.

    Саясат деген өте нәзік нәрсе. Мүлт кетсең, зияны бүкіл елге тиеді. Елдің тыныштығына, өміріне тиеді. Айналамызда не боп жатқанын көріп отырмыз. Ресей қанша жерден құлдыраса да, алпауыт елдің бірі. Оларды құшақ жая қарсы алғанда махаббатымыз асып-тасығаннан емес, дәл қазіргі жағдайда, ел қауіпсіздігі үшін көршілердің ешқайсымен дауласпай, жауласпай, татулық пен бірлік саясатын жүргізу аса маңызды болып тұр.

   Ресей – бүгінгі таңда Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық әріптесі. Екі ел арасындағы тауар айналымы былтыр 28 млрд. долларға жеткен. Қазіргі алыс-берістің қарқынына қарағанда, биыл оның көлемі 30 млрд. доллардан асуы ықтимал.

Ләззат Ахатова

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар