Маңғыстаудағы жасыл ертегі. «Hyrasia One» жобасының шоураннерлері 50 миллиард еуро таба алмайтын сияқты

Маңғыстаудағы жасыл ертегі. «Hyrasia One» жобасының шоураннерлері 50 миллиард еуро таба алмайтын сияқты
Hyrasia One

Маңғыстауда Каспий суын электролизден өткізіп, жылына 2 миллион тонна жасыл сутегі немесе 11 миллион тонна аммиак өндіруі тиіс «Hyrasia One» жобасының жоспарлаған инвестиция тартуында үлкен кедергілер пайда болды. Бұл жобаны Svevind Energy Group басшысы Вольфганг Кропп бастаған еді. 40 гигаватт жел мен күн энергиясын пайдаланып, содан жасыл сутегі өндіруді көздейтін жобаның іске асуы үшін 50 миллиард еуро қажет. Кропп мырза оны инвесторлар пулынан жинап аламын деп үміттенген. «Бірақ инвесторлардың барлығы ол үшін Еуроодақтың қаржылық гарантиясын және офтейк контрактарды көрсетуін сұрап отыр», - дейді DALA INSIDE дереккөзі.

«Еуроодақтан тек Германия ғана 1,2 миллиард еуроға қаржылық кепілдік ұсына алды. Ол қаржы бұл жобаның жұмырына жұқ болмайды. Сосын сутегі зауытының өнімін кепілді түрде сатып аламыз деген ешқандай офтейк контракттар да жарияланбады. Ал қазір жасыл тақырып күн тәртібінен кетіп барады. Оған Трамп факторы мен Еуропадағы саяси аренада әсіре оңшылдардың бас көтеруі әсер етуде», - дейді, дереккөз.

АҚШ президенттігіне Дональд Трамп келгелі климаттың өзгеруіне қатысты қозғалыстар, жасыл энергия тақырыбы бүкіләлемдік алаяқтық деп таныла басталды. АҚШ-та сутекке берілетін 45V салық жеңілдігі қысқара бастаған соң, Thyssenkrupp Nucera сияқты алпауыттар бірқатар жобалардан бас тартты. Бұл әлемдік инвесторларға қатал сабақ болды. Олар бүгін мемлекет субсидия берсе де, ертең саяси билік ауысып, ережені өзгерте салатынын байқады.

АҚШ тұрмақ Еуропадағы саяси ландшафт та өзгеруде. Оңшылдар мен еуроскептиктер күшейді. 2022 жылы Қазақстан мен Svevind Energy Group «Hyrasia One» жобасына қол қойғанда «жасыл энергия» саяси трендтің шыңында еді. Қазір Еуропарламентте «жасылдар» позициясынан айырылып, 74 орыннан тек 53 орынды ғана сақтап қалды. Олардың орнын Patriots for Europe және ECR сияқты оңшыл фракциялар басуда.

Қазақстан «Hyrasia One» жобасына 50 миллиард еуро инвестиция келуі мүмкін деген жылы үмітпен қараған еді. Сол себепті Вольфганг Кропптың жер, тағы да басқа мәселелерін еш қиындықсыз шешіп берген. Еуропалық инвесторлар пулы қолдамай қойса, онда жасыл сутегі өндіретін бірегей ел боламыз деген үмітіміз желге ұшпақ.