Ресей Қазақстанда бір АЭС салып біткенше, Қытай екеуін салып тастайды – сарапшы

Көркем Алдабергенова 01 там. 2025 13:16

Экономист Расул Рысмамбетов Ресеймен атом электр станциясын (АЭС) салу келісімінің болашағына қатысты күмән келтіріп, Қытаймен тығыз ынтымақтастық жағдайында бұл жобаның мәні жоғалуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Росатом Қытайдың аға серіктесінің көлеңкесінде қалып қойды», – деп жазды сарапшы.

Оның айтуынша, Қытай салып жатқан екінші және үшінші станциялар ресейлік алғашқы жобадан бұрын іске қосылады.

«Сонда Ресейдің бірінші станциясына деген қажеттілік жойылады», – дейді ол.

Осы жағдайда Рысмамбетов Қазақстан үшін бұл келісімді «сұлу формада» рәсімдеу қажет екенін алға тартады. Өйткені кейін бұл жоба ел үшін пайдасыз шығын мен қажетсіз міндеттемеге – sunk cost-қа айналуы мүмкін.

«Бір технологияға арналған кадрларды даярлау әлдеқайда тиімді», – дейді сарапшы.

Ол сонымен қатар энергетикалық саясаттағы қарама-қайшылықтарға да тоқталды:

«Үш ЖЭО-ға 1 трлн теңге таба алмай отырған үкімет АЭС-ке ақшаны қайдан табады?», – деп сұрайды Рысмамбетов.

Сарапшының пікірінше, Қытаймен бірлескен жобалар логикасы тар табанды темір жол желісін Еуропа бағытына қарай тарту идеясын қайта қозғауға алып келуі мүмкін.

Ол прагматизмнің қажет екенін мойындай отырып, ауыл шаруашылығы саласында шетелдік қатысудың шегін нақты белгілеу керектігін де еске салады: «Станциялар төңірегіндегі бұлтартпас жоспарлар – Қытай агрохолдингтеріне жер иеленуге рұқсат беру деген сөз емес. Біздің артықшылығымыз – таза өнім».

«Трамвайды өткізіп алдық, себебі жоғары жылдамдықтағы пойызға отырамыз» деген сөзімен сарапшы Қазақстанның даму векторын жаңаша бағалауға шақырады.

Еске салайық, Қытай Қазақстанда үшінші атом электр станциясын салады. Бұл туралы Үкіметтегі брифинг барысында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді. 

Оның айтуынша, биыл жауапты мемлекеттік органдар екі жаңа АЭС-тің нақты қайда салынатынын жариялайды. Айта кетейік, алғашқы станцияны "Росатом" Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында салуды жоспарлап отыр.

Екінші АЭС-тің құрылысын қытайлық China National Nuclear Corporation басқаратын консорциум жүзеге асырады. Сарапшылардың мәліметінше, бұл станцияның ықтимал орны ретінде Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы қарастырылып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар