Ресей банктері SWIFT жүйесінен ажыратылып, активтеріне құлып салынады

Dalanews 27 ақп. 2022 05:51 1066

Батыс Ресей экономикасына соққы жасайды. Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен жексенбі күні түнде Еуропа одағы, Ұлыбритания, Канада және АҚШ жетекшілері Ресейдің бірқатар банктерін SWIFT жүйесінен ажыратып, Ресей Орталық банкіне сыртқы резервтерін алуға шектеу қою жөнінде уағдаласқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Путин Украинаны жою жолына түсті. Бірақ ол өз елінің болашағын жоятын болады", – Еурокомиссия төрағасы.

Шектелген банктердің нақты тізімі келтірілген жоқ. Алайда санкция қазір Альфа-Банк, ВЭБ, ВТБ, "Промсвязьбанк, "Открытия", "Россия", "Россельхозбанк", МКБ, "Совкомбанкке" және аннексияланған Қырымда жұмыс істейтін бірнеше кредит ұйымдарына салынғаны белгілі болып отыр.

"Қажет болса Ресейдің өзге банктері де SWIFT жүйесінен ажыратылады" деді Германия үкіметінің ресми өкілі Штеффен Хебештрайт.

"Осылайша бұл институттар халықаралық қаржы ағынынан оқшауланып, ауқымды әрекет жасау мүмкіндіктері шектеледі",- деді Хебештрайт.

Ақ үй сайтындағы мәлімдеме "Ресейдің бірнеше банкінің SWIFT жүйесінен ажыратылуы санкцияны қатайтудың жалғыз жолы емес" дейді. Ресей үкіметімен қатысы бар бизнесмендердің инвестиция салғанына айырбас ретінде Батыс елдерінен азаматтық алуын да қиындатуға келіскен. Барлық тарап Ресейдің Орталық банкіне қарсы санкцияны күшейте түсуге уағдаласқан.


Ресейдің Орталық банкінің 640 миллиард доллар резервінің басым бөлігі Нью-Йорк, Лондон және Франкфурт қалаларында сақтаулы тұр.

Ресей Орталық банкінің резервтегі ақшасына қолы жетпеуі Орталық банкті рубль бағамын ұстап тұру мүмкіндігінен айырады.

Мұнан өзге Батыс мемлекеттері өз елдеріндегі ресейліктердің активтерін іздестіріп, анықтаумен шұғылданатын жедел топ құрды. Келісім жасасқан елдер Ресей билігінің маңында жүрген, санкция салынуға тиіс лауазымды адамдар мен олардың отбасыларының тізімін мейлінше көбейте түсуді жоспарлап отыр.

SWIFT – төлем жүйесі емес. Оны бүкіл әлемнің банктері ақша аударымы туралы шешім алмасатан, келісімдерді растайтын, қаржы құжатттарын жіберіп, қабылдайтын арнаулы мессенджер деуге болады.

SWIFT жүйесін әлемнің 11 мыңнан астам қаржы ұйымы пайдаланады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар