Ресеймен шекарада жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі қайта пайда болды

Ресеймен шекарада жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі қайта пайда болды
Фото: ЖИ

Батыс Қазақстан облысындағы Ресеймен шекарада жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі қайта пайда болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Kazinform агенттігіне бұл ақпаратты растады. Ведомствоның мәліметінше, Қазақстаннан Ресейге бет алған жүк көліктерінің саны кейінгі күндері айтарлықтай артқан.

Мамандардың айтуынша, кептеліске ең алдымен көкөніс өнімдерін экспорттайтын көліктердің маусымдық артуы әсер етіп отыр. Сонымен қатар, Ресей тарапындағы өткізу бекетінің өткізу мүмкіндігі шектеулі. Қолданыстағы талапқа сәйкес, шекарадан сағатына небәрі 25 жүк көлігі, ал тәулігіне 500-ден аспайтын көлік өткізіледі.

Оған қоса, қазіргі уақытта "Сырым" автомобиль өткізу бекетінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

"Мердігер ұйым Қазақстанға кіретін бағыттағы екі жолақты уақытша жабуды жоспарлап отыр. Осыған байланысты көліктер екі бағытта да Қазақстаннан шығуға арналған бір жолақ арқылы өткізіледі. Соның нәтижесінде өткізу бекетінің жұмыс аумағы 7 гектардан 1,5 гектарға дейін қысқарады", – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер департаменті.

Ведомство жөндеу жұмыстарының да көліктердің шекарадан өту уақытын ұзартып, кезектің артуына ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.