Freedom Inside '26

Қарадала өрігіне ресейліктердің сұранысы артқан

Қарадала өрігіне ресейліктердің сұранысы артқан
Коллаж: Dalanews

Қазақстандағы өріктің 62 пайызы Алматы облысының Ұйғыр ауданында өндіріледі. Бүгінде өңірде 3193 гектар өрік бағы бар. Бір ғана жемістің арқасында жүздеген шаруа қожалығы табыс тауып, өнім көрші елдердің ірі қалаларына экспортталып жатыр. Бір кездері бидай мен жоңышқадан пайда таппаған диқандар бүгінде бақ шаруашылығын аудан экономикасының негізгі тірегіне айналдырған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұршақ пен бидайдан баққа бетбұрыс

Ұйғыр ауданындағы бағбаншылықтың бүгінгі жетістігі кездейсоқ келген жоқ. Аудандық бағбандар қауымдастығының төрағасы Армидин Тайыровтың айтуынша, Кеңес Одағы тарағаннан кейін шаруалар түрлі бағытты сынап көрген.

“Бұршақ та ектік, бидай да өсірдік, жоңышқа да салдық. Бірақ уақыт өте келе олардың табысы кеткен еңбек пен шығынды ақтамайтын болды. Ал бағбаншылықтың тиімділігі жоғары екенін көрдік. Бір гектар бақтан алынатын өнім қомақты табыс әкеледі”, – дейді ол.

Осы тәжірибеден кейін 1998 жылы ауданда Бағбандар қауымдастығы құрылып, бағбаншылықты жүйелі дамыту жұмыстары басталған. Тайыровтың сөзінше, ол кезде сапалы көшет табу қиын болған. Сондықтан жергілікті шаруалар ғылыми институттармен байланыс орнатып, мамандар шақырып, арнайы семинарлар өткізген.

Кейін өз тәлімбақтары ашылып, көшеттер жергілікті жерде өсіріле бастаған. Қазір Ұйғыр ауданындағы көшеттер Панфилов пен Райымбек аудандарына дейін жеткізіліп отыр.

Бір гектар бақ қанша табыс әкеледі?

Бағбаншылықтың тиімділігі нақты көрсеткіштерден-ақ байқалады. Тайыр Шамшидиновтың айтуынша, бүгінде аудан бақтарынан гектарына орта есеппен 20-25 тонна өнім алынады. Нарықтағы бағаға байланысты бір гектардан түскен табыс шамамен 10 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.

“Биыл кейбір шаруашылықтар өріктің бір келісін 500 теңгеден сатса, кейбірі 1000 теңгеге дейін өткізді. Орта есеппен гектарынан 20 тонна өнім алынған жағдайда шамамен 10 миллион теңге табыс табуға болады”, – дейді қауымдастық төрағасы.

Бұл көрсеткіш бағбаншылықтың ауыл тұрғындары үшін ең табысты кәсіптердің біріне айналғанын көрсетеді.

Қарадала өрігі Ресей нарығын бағындырып жатыр

Ұйғыр ауданында өсірілетін өріктің басты ерекшелігі – ұзақ сақталуы мен тасымалдауға төзімділігі.

Сондықтан өнімнің едәуір бөлігі Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосібір, Иркутск секілді Ресейдің ірі қалаларына жеткізіледі.

Аудандық статистикаға сәйкес, биыл жиналған өнімнің төрттен бірі Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан нарығына экспортталған.

Қазіргі таңда шаруалар интернет арқылы Ресей мен Қазақстан нарығындағы бағаны күнделікті бақылап, өнімді қай бағытқа өткізудің тиімді екенін алдын ала есептейді.

Өрік өңірдің брендіне айналып келеді

Кейінгі жылдары Қарадала өрігі тек ауыл шаруашылығы өнімі ретінде емес, өңірдің "бренді" ретінде таныла бастаған.

Осы мақсатта былтырдан бері "Өрік Fest" фестивалі өткізіліп келеді. Іс-шара аясында бақтармен танысу турлары, омарта шаруашылығы көрмелері және ғылыми конференциялар ұйымдастырылады.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының пікірінше, өрік ежелгі өркениеттерден бері өсіріліп келе жатқан ерекше жеміс.

“Халық арасында оны “күннің жемісі” деп атайды. Бүгінде осы өнімді өндіріп, экспортқа шығару бағытында бірқатар кәсіпорын табысты жұмыс атқарып жатыр. Ресеймен экономикалық байланыстар дамып келеді. Болашақта бұл бағыттағы нарықтың ауқымы одан әрі кеңейеді деп сенеміз”, – деді ол.

Облыс басшылығының айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – Қарадала өңірінің брендіне айналған өрікті кеңінен насихаттау және ауыл шаруашылығына жаңа серпін беру.

Ғылым мен өндірісті байланыстыратын алаң

Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова бұл шараны қарапайым мереке ретінде қарастыруға болмайтынын жеткізді.

“Бұл тек бір күндік той емес. Оның басты мақсаты – ғылым мен өндірісті байланыстыру, ауыл шаруашылығына деген қызығушылықты арттыру және тауар өндірушілерге жаңа мүмкіндіктер ашу”, – дейді аудан әкімі.

Оның сөзінше, болашақта “Өрік Fest” халықаралық деңгейдегі шараға айналуы мүмкін.

Өрік өнімділігінің арамен байланысы

Қарадаладағы өрік шаруашылығының табысты болуы тек диқандардың еңбегімен шектелмейді.

Ауданда бүгінде 30-ға жуық омарташы жұмыс істейді. Оның ішінде 12 кәсіби омарташы 2100-ге жуық ара ұясын ұстап отыр. Олар жыл сайын шамамен 40 тонна бал өндіреді. Ең маңыздысы, аралар өрік бақтарын табиғи жолмен тозаңдандырып, өнім көлемі мен сапасын арттыруға ықпал етеді.