Ресейдің Украинаға жаппай жасаған әуе шабуылынан сегіз адам қаза тапты

Ресейдің Украинаға жаппай жасаған әуе шабуылынан сегіз адам қаза тапты
shutterstock

30 шілдеге қараған түні Ресей Украина аумағына зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жаппай шабуыл жасап, салдарынан кемінде сегіз адам, оның ішінде екі бала қаза тапты. Тағы ондаған тұрғын түрлі деңгейде жарақат алған. Бұл туралы Украина билігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Днепропетров облысындағы Кривой Рог маңындағы Радушное ауылында баллистикалық зымыран көпбалалы отбасы тұрған жеке тұрғын үйге түскен. Салдарынан алты адам, оның ішінде 5 және 12 жастағы екі қыз көз жұмды. Тағы сегіз адам жарақат алған.

Киевте шабуылдан бір адам қаза тауып, екі тұрғын жараланды. Полтава облысында дрон жеке кәсіпорынның қоймасына тиіп, бір адамның өмірін қиды. Ал Львов қаласында тұрғын үйлерге зақым келіп, 30-дан астам адам жараланған. Зардап шеккендердің арасында балалар да бар.

Украина әуе күштерінің мәліметінше, Ресей бір түнде 74 зымыран мен 280-ден астам дрон ұшырған. Ал Ресей Қорғаныс министрлігі соққылар әскери аэродромдарға, қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарына және әскери логистика нысандарына бағытталғанын мәлімдеді.

Шабуыл Украина президенті Владимир Зеленскийдің Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, Patriot әуе қорғаныс жүйесіне арналған зымырандарды Украинада лицензия бойынша өндіруге рұқсат беру мәселесін көтергеннен кейін жасалды.