Өзбекстанда АИ-92 маркалы бензиннің бағасы тарихи рекорд орнатты. Сарапшылар мұны Ресейдегі жанармай тапшылығымен байланыстырып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өзбекстан республикалық тауар-шикізат биржасының мәліметінше, 29 маусымда АИ-92 бензинінің бір тоннасының бағасы 13,919 млн сумға жеткен. Бұл – ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Маусым айының басынан бері бензиннің тоннасы шамамен 1,473 млн сумға немесе 11,8%-ға қымбаттаған.
Бензин бағасының негізгі өсімі маусымның алғашқы жартысында тіркелді. Егер 4 маусымда бір тонна АИ-92 бензині 12,476 млн сум тұрса, араға төрт күн салып оның бағасы 10,5%-ға өсіп, 13,788 млн сумға жеткен. Кейінгі екі аптада баға 13,7–13,8 млн сум аралығында сақталып, 29 маусымда қайта көтеріліп, жаңа тарихи максимумға жетті.
Бағаның өсуімен қатар биржадағы жанармай көлемі де күрт қысқарған. 1 маусымда саудаға 3 791 тонна бензин шығарылса, 23 маусымға қарай бұл көрсеткіш екі есеге жуық азайып, 1 898 тонна болған. Кейін ұсыныс көлемі 3 123,2 тоннаға дейін қайта артқанымен, баға төмендемеген.
Сарапшылардың айтуынша, бағаның күрт өсуі Ресейдегі жанармай тапшылығымен тұспа-тұс келді. Тапшылыққа Украина дрондарының шабуылынан кейін мұнай өңдеу зауыттарында жоспардан тыс жөндеу жұмыстарының жүргізілуі себеп болған. Сонымен қатар Ресейде 1 сәуірден бастап бензин экспортына толық тыйым салынған. Алайда бұл шектеу үкіметаралық келісімдер аясында жүзеге асырылатын жеткізілімдерге қолданылмайды. Сондықтан Өзбекстанға жанармай жеткізу бұрынғы тәртіппен жалғасып жатыр.