Ресейде тағы бір Wildberries логистикалық орталығына дронмен шабуыл жасалды

Ресейде тағы бір Wildberries логистикалық орталығына дронмен шабуыл жасалды

31 шілдеге қараған түні Ресейдің Волгоград қаласындағы Wildberries компаниясының тағы бір логистикалық орталығы дрон шабуылына ұшырады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, шабуыл салдарынан қойма аумағында өрт шыққан.

«Волгоградтағы компанияның логистикалық нысанына жасалған шабуылдан кейін өрт тұтанды. Қазір оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс істеп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ», – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, шабуылға «Лукойл-Волгограднефтепереработка» мұнай өңдеу зауыты да ұшыраған. Бұл кәсіпорын жылына 14,8 миллион тоннаға дейін мұнай өңдеуге қауқарлы.

Айта кетейік, аталған зауытқа мамыр айының соңында да дрондар шабуыл жасап, содан кейін кәсіпорын жұмысын уақытша тоқтатқан болатын.

Соңғы апталарда Ресейдегі Wildberries логистикалық орталықтары бірнеше мәрте дрон шабуылдарының нысанасына айналып отыр. Бұған дейін Тамбов облысындағы Котовск қаласы, Мәскеу облысындағы Электросталь және өзге де қоймаларға соққы жасалған еді.