Орталық референдум комиссиясы дауыс беру және дауыстарды санау тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Комиссия мүшесі Азамат Айманқұловтың айтуынша, 2026 жылғы 15 наурызда референдум учаскелері таңғы сағат 7:00-де ашылып, кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Егер жекелеген учаскелер үшін бөлек кесте бекітілмесе, барлық жерде осы уақыт сақталады.
Сонымен қатар, учаскеде тіркелген азаматтардың барлығы белгіленген уақытқа дейін дауыс беріп үлгерсе, учаске жұмысы 20:00-ге жетпей аяқталуы мүмкін.
Айманқұловтың мәлімдеуінше, дауыстарды санау үзіліссіз жүргізіледі. Қорытындылар Конституциялық заң талаптарына сәйкес санау барысында қатысып отырған азаматтарға жария етілуі тиіс. Әр учаскеде дауыстарды санау мерзімі оның басталған сәтінен бастап 12 сағаттан аспауы керек.
Сондай-ақ ол референдум жарамды деп танылуы үшін дауыс беруге құқығы бар азаматтардың кемінде жартысы қатысуы қажет екенін еске салды.
Референдумға шығарылған мәселе бойынша шешім қабылданды деп есептелуі үшін дауыс бергендердің басым бөлігі «иә» деп таңдау жасауы және бұл нәтиже облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың кемінде үштен екісінде тіркелуі тиіс.
Орталық референдум комиссиясының хабарлауынша, дауыс беру қорытындылары арнайы отырыста бекітіледі. Ал ресми нәтижелер дауыс беру аяқталған күннен бастап жеті күн ішінде Комиссияның ресми ресурстарында және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
