Freedom Inside '26

Қызылорда облысында құдықтан 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды

Қызылорда облысында құдықтан 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды
Фото: Криминальный Казахстан

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында құдықтан 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Криминальный Казахстан" телеграм арнасының мәліметінше, қайғылы оқиғаға байланысты марқұмның 15 жастағы інісі күдікті ретінде ұсталды.

Туыстарының айтуынша, жас жігіт 30 мамыр күні кешке үйінің ауласында төселген матраста түнеп шыққан. Алайда таңертеңнен бері хабарсыз кеткен. Жақындары іздеу жұмыстарын бастап, келесі күні оның денесін су құбырына арналған құдықтан тапқан.

Марқұмның анасы ұлының денесінде зорлық-зомбылық белгілері болғанын айтады.

"Ұлым қызыл түсті жаймаға оралған күйде табылды. Мойнында тұншықтыру іздері болды. Денесінің әр жерінде көгерген жерлерді байқадым. Оның өмірі үшін күрескені анық көрінеді. Мұндай әрекетті бір адамның жасауы қиын деп ойлаймын", – дейді ол.

Марқұмның туыстары 15 жастағы жасөспірімнің жалғыз өзі 20 жастағы жігітке күш көрсете алатынына күмән келтіреді. Олардың пікірінше, оқиғаға басқа адамдардың да қатысы болуы мүмкін. Сондай-ақ отбасы мүшелері қайғылы жағдайды бұған дейін үйде болған ұрлық оқиғаларымен байланыстыруда.

Аталған дерек бойынша полиция "Адам өлтіру" бабы негізінде қылмыстық іс қозғады. Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланған жоқ.