Freedom Inside '26

Қырғызстанның экс-министрі АҚШ-та курьер болып жұмыс істеп жүр ме?

Қырғызстанның экс-министрі АҚШ-та курьер болып жұмыс істеп жүр ме?
ScreenShot

Қырғызстанның бұрынғы депутаты және экс-еңбек министрі Ұлықбек Кочкоровтың АҚШ-та курьер болып жұмыс істеп жүргені туралы ақпарат әлеуметтік желілерде қызу талқылануда, деп хабарлайды dalanews.kz.

Желіде тараған видеода ер адамның көлікке сәлемдемелер тиеп жатқаны көрінеді. Видео авторлары бұл адамның Қырғызстанның бұрынғы жоғары лауазымды шенеунігі Ұлықбек Кочкоров екенін және оның қазір Чикаго қаласында Amazon жеткізу қызметінде жұмыс істейтінін мәлімдеген.

Ұлықбек Кочкоров Қырғызстанда белгілі саясаткерлердің бірі саналады. Ол әр жылдары Жогорку Кеңеш депутаты болды, 2017 жылғы президент сайлауына қатысып, кейін Еңбек және әлеуметтік даму министрі қызметін атқарды.

2020 жылғы саяси оқиғалардан кейін Кочкоров мемлекеттік қызметтен кеткен. Соңғы жылдары оның отбасымен бірге АҚШ-тың Чикаго қаласында тұрып жатқаны белгілі.

Алайда бұрынғы министр әзірге әлеуметтік желіде тараған видеоға және өзінің курьер болып жұмыс істейтіні жөніндегі ақпаратқа қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ.

Желі қолданушылары бұл жағдайды қызу талқылап жатыр. Бірі саясаткердің адал еңбек етіп жүргенін қолдаса, енді бірі оның АҚШ-тағы жаңа өміріне назар аударуда.