Қырғызстандық ММА файтері Медет Жээнәлиев Ыстықкөлде суға батып бара жатқан қызды құтқарамын деп қаза тапты. Бұл туралы Ыстықкөл аудандық ішкі істер бөлімінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға Бақты-Долоноту ауылындағы жағажайда болған. Мәліметке сүйенсек, кәмелетке толмаған төрт қыз көл жағасында демалып жүрген. Олардың бірі суға түсу кезінде бата бастаған.
Осы сәтте Медет Жээнәлиев досымен бірге көмекке ұмтылып, қызды құтқарып қалған. Алайда спортшының өзі суға кетіп, көз жұмған.
Төтенше жағдайлар қызметі мәліметінше, файтердің денесі келесі күні табылып, туыстарына берілген.
Айта кетейік, Медет Жээнәлиев жеңіл салмақта өнер көрсеткен. Кәсіпқой рингте төрт жекпе-жек өткізіп, оның екеуінде жеңіске жеткен, екеуінде жеңілген.