Қырғыз билігі Көшпенділер ойынындағы Қазақстанның жеңісін мойындады

Қырғыз билігі Көшпенділер ойынындағы Қазақстанның жеңісін мойындады
Фото: facebook.com/askat.alagozov

Қырғызстан билігі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық есептегі жеңісін ресми түрде мойындады. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагөзов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, үлкен спорт мерекесі ретінде аяқталған.

Аскат Алагөзов әсіресе көкбөрі мен жорго улак (жер-улак) жарыстарының тартысты өткенін атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп, спорттағы бәсекелестік тек жарыс алаңында ғана қалатынын тағы бір мәрте дәлелдеген.

Сондай-ақ ол жанкүйерлер арасында да ешқандай келіспеушілік болмағанын айтып, екі елдің спортшылары мен жанкүйерлеріне алғыс білдірді.

Баспасөз хатшысының мәліметінше, жалпыкомандалық есепті шығару кезінде медальдарды санауда техникалық сәйкессіздік туындаған. Кейін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының медальдарын жеке-жеке есепке алу туралы шешім қабылдаған.

«Осылайша, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қазақстан иеленді. Қазақ бауырларымызды жеңістерімен құттықтаймыз!» – деді Алагөзов.

Ол сондай-ақ Қырғызстан спортшыларының да жарыста лайықты өнер көрсетіп, өздерінің күш-жігері мен шеберлігін танытқанын атап өтті.

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы медаль кестесі спорттың бір ғана бөлігі екенін айтып, Көшпенділер ойындарының басты жетістігі өзара құрмет пен адал бәсекелестік рухында өткенінде екенін жеткізді.