Ақтөбе облысының Жарлы ауылында құдықта 9 жастағы қыз мен 38 жастағы ер адам қаза тапты,- деп хабарлайды Dalanews.kz
9 жастағы қыз жеке үйдің ауласындағы тереңдігі 10 метр құдыққа құлап кеткен. Құдық қараусыз қалған, ішіне қоқыс толып қалған.
Ер адам баланы құтқаруға тырысып, артынан түскен. Алайда ол сыртқа шыға алмаған.
"Құтқарушылардың көмегімен бала мен ересек адам құдықтан ес-түссіз күйде шығарылды. Аудандық төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері шұғыл түрде алғашқы медициналық көмек көрсетті. Өкінішке қарай, екеуі де қайтыс болды", – деді Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаментінің өкілі.
Марқұм ер адамның Байғанин балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің еркін күрес жаттықтырушысы, алты баланың әкесі Нұрбол Бердіғалиев екені белгілі болды.
"Нұрбол Бердіғалиев 2017 жылдан бері Жарлы ауылында тұрып, жұмыс істеп келді. Ол республикалық және облыстық турнирлердің 40-қа жуық жеңімпазы мен жүлдегерін дайындады. 20 шәкірті спорт шеберлігіне үміткер атағын алды. Артында алты баласы қалды", – деді Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Гүлбағда Көбеева.
Алдын ала болжам бойынша, ер адамның өліміне улы газдан улану себеп болған.