Құрылыс компанияларына қатаң сүзгі: Алматыда жүздеген лицензия тоқтатылды

Құрылыс компанияларына қатаң сүзгі: Алматыда жүздеген лицензия тоқтатылды
Алматы әкімдігі

Алматыда құрылыс компанияларына бақылау күшейтілді, төрт компания лицензиясынан айырылды, тағы 350 компанияның лицензиясы тоқтатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша қалада құрылыс саласындағы тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша төрт компания лицензиясынан айырылды, тағы 350 құрылыс компаниясының лицензиясы тоқтатылды. Сондай-ақ, құрылыс қызметімен айналысатын 437 субъектіге қатысты заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.

Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын жүзеге асыратын мердігер ұйымдардың қызметіне ерекше назар аударылды.

SK BEST Spec Story KZ ЖШС жобалау қызметінің І санаттағы мемлекеттік лицензиясынан айырылды. Сонымен қатар, "Отау-Құрмет" ЖШС мен "ҚазҚСҒЗИ" АҚ ЕҰ лицензияларынан айырылды. Ал "Сәулет Құрылыс Консалтингі" ЖШС лицензиясының қосалқы түрінің күші жойылды.

Қала құрылысын бақылау басқармасының өкілдері Алматыда өз біліктілігін дәлелдей алатын, белгіленген талаптарды сақтайтын және құрылыс жұмыстарының сапасын қамтамасыз ететін компаниялар ғана жұмыс істей алатынын атап өтті.