Құрылтай сайлауы: Қазақстан азаматтары Корея мен Жапонияда алғашқы болып дауыс берді

Құрылтай сайлауы: Қазақстан азаматтары Корея мен Жапонияда алғашқы болып дауыс берді
СІМ

Шетелдегі барлық дауыс беру учаскесі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері аумағында ұйымдастырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Дауыс беруді алғашқылардың бірі болып Корея мен Жапониядағы қазақстандықтар бастады. Сеулдегі №422 және Токиодағы №425 сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де ашылған.

Сеулдегі сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып Корея университетінің студенті Ажар Кәрімжанова дауыс берді. Ол үш жылдан бері Кореяда тұратынын және қазір Корея университетінде білім алып жатқанын айтты.

"Қазақстан азаматы ретінде еліміздің болашағына қатысты маңызды қоғамдық-саяси үдерістерден тыс қалмауға және өз үлесімді қосуға тырысамын", - деді Ажар Кәрімжанова.

Токиодағы сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып отандасымыз Әлішер Әзімбаев өз таңдауын жасады. Ол қазақ қоғамындағы әділет, заң және даналықтың символы саналатын Би бейнесінде келген.

Цукуба университетінде "Мемлекеттік саясат" мамандығында білім алып жүрген Әлішер Әзімбаев бұл арқылы қазақ халқының тарихи дәстүрлерін Қазақстан жастарының заманауи ұмтылыстарымен ұштастырған.

Оның айтуынша, тарихи тұрғыда Құрылтай Ұлттық жиналыс қызметін атқарып, ел тағдырын айқындайтын маңызды шешімдер қабылдаған.

"Менің ойымша, жаңадан құрылған Құрылтай бұл дәстүрді халықпен өзара іс-қимыл арқылы мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге арналған заманауи саяси институт ретінде жалғастырады", - деді ол.