Құрылтай депутаттарына министрлерді қызметінен босатуды талап ету құқығы берілмек

Сағыныш Сардарова 26 қаң. 2026 13:02

Құрылтай депутаттарына министрлерді қызметінен босатуды талап ету құқығы берілмек, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның екінші отырысында сенатор Нұрлан Бекназаров мәлімдеді.

Оның айтуынша, Құрылтай депутаттарының кемінде үштен бірі Үкімет мүшелерінің қызметі бойынша есептерін тыңдау туралы бастама жасай алады. Ал заңдар орындалмаған жағдайда есепті тыңдау қорытындысы бойынша Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы ұсыныспен жүгінуге мүмкіндік болады.

Сенатордың сөзінше, мұндай жағдайда Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы шешімді Президент қабылдайды. Сонымен қатар, Құрылтай депутаттарына Президенттің ұсынуымен Жоғарғы сот судьяларын сайлау және оларды қызметінен босату құқығын беру көзделіп отыр.

Сондай-ақ, Конституциядағы Мәжіліс депутаттарының Үкіметке сенімсіздік білдіру құқығын Құрылтайға беру ұсынылады. Бұған қоса, Конституциялық соттың жыл сайынғы есебін және Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) бюджет орындалуы туралы жылына екі рет берілетін есебін тыңдау өкілеттігі құрылтайдың құзыретінде қалмақ.

Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, Құрылтайдың бұл есепті қабылдамауы Үкіметке сенімсіздік білдіру ретінде бағаланады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove