Халықаралық құқық қорғаушылар 2026 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Қазақстанда сыншыларға, тәуелсіз БАҚ-қа және интернеттегі сөз бостандығына қысым күшейгені туралы баяндама жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Зерттеу CIVICUS Monitor жобасы аясында Халықаралық адам құқықтары серіктестігі (IPHR) мен Қазақстан халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының (ҚМБПЧ) қатысуымен әзірленген.
Баяндама авторларының айтуынша, есепті кезеңде Қазақстандағы азаматтық кеңістік нашарлай түскен. Олар бұл жағдайды конституциялық реформамен қатар тәуелсіз БАҚ-қа қойылған шектеулердің күшеюімен, интернеттегі сөз еркіндігіне қысымның артуымен және белсенділер мен оппозиция өкілдерін қудалаудың жалғасуымен байланыстырады.
Құжатта конституциялық өзгерістерді сынаған немесе олар бойынша қоғамдық пікірталас өткізуге тырысқан азаматтардың түрлі қысымға ұшырағаны айтылған. Атап айтқанда, оларды ұстау, жауап алу, интернеттегі материалдарын өшіруге мәжбүрлеу, әкімшілік жаза қолдану, ал кей жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарту фактілері көрсетілген.
Сонымен қатар баяндамада Қылмыстық кодекстегі «жалған ақпарат тарату» туралы бап журналистерге, блогерлерге және азаматтық белсенділерге қарсы жиі қолданылып жатқаны айтылған.
Зерттеуде ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновке, Orda.kz бас редакторы Гүлнәр Бәженоваға қатысты сот процестері, сондай-ақ басқа да журналистер, блогерлер мен белсенділерге қарсы қозғалған қылмыстық істер мысал ретінде келтірілген.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, әлемнің 196 еліндегі азаматтық қоғамның жағдайын бағалайтын CIVICUS Monitor индексінде Қазақстан репрессивті елдер санатына енгізілген.