Прокуратураның үйлестіруімен Алматы қаласының полиция департаменті айыпталушы мен оның бөліске түскен 12 туыстарына қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айыпталушы мессенджерлерде хат-алмасу чаты арқылы Қытайдың, Өзбекстанның және Ресейдің зауыттарымен тікелей жұмыс істейтінін, сондықтан оның ыдыс-аяқ, жиһаз және үйге арналған басқа да керек-жарақтар бағасы төмен екенін айтқан. Алайда іс жүзінде қылмыстық схеманы жасыру мақсатында Алматы базарларынан өзі шығынға ұшырай отырып тауар сатып алған.
Аталған шығындарды қатысушылар 6 айдан 12 айға дейін күттірте отырып көтерме тапсырыстармен өтеген.
Қатысушылар қымбат автокөліктерді, пәтерлерді, үйлерді, жерлерді, киімдерді, саяхаттарды сатып алуға, сондай-ақ букмекерлік кеңселерде ақша тігуге қаражат жұмсаған.
Тергеу барысында 34 автокөлік, 2 пәтер, 1 пентхаус, жер учаскесі бар 2 тұрғын үйге тыйым салынды.
Еліміз бойынша Алматыдан бастап Саран қаласына дейін 4,6 млрд теңге сомасына 290 адам қылмыстың құрбаны болып танылды.
Прокуратура қылмыстық істі сотқа жолдады.
ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2)тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша қылмыстық жауаптылық 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.