Жетісу облысында мемлекеттік қызметкер құмар ойындарға қатысқаны үшін қызметінен босатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақсу ауданы прокуратурасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуына жүргізілген талдау барысында мемлекеттік қызмет саласындағы өрескел заң бұзушылықты анықтаған.
Прокуратура мәліметінше, мемлекеттік орган қызметкері заңмен белгіленген тыйымдарға қарамастан құмар ойындарға қатысқан.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен әдеп нормаларын сақтау мемлекеттік қызметте болудың міндетті шарты. Аталған талаптарды кез келген бұзушылық тиісті жауаптылыққа және ымырасыз құқықтық баға беруге әкеп соғады», – деп мәлімдеді қадағалау органы.
Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесінде мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қызметкер атқарып отырған лауазымынан босатылған.
«Мемлекеттік қызметші қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, заң талаптарын мүлтіксіз сақтауы тиіс», – деп атап өтті Жетісу облысының прокуратурасы.
Қадағалау органы мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.