Құлыбаев ұлттық парктегі тағы бір коттеджінен айырылуы мүмкін

Сағыныш Сардарова 23 ақп. 2024 13:28 4104

Экс-президент Назарбаевтың күйеу баласы, олигарх Құлыбаев ұлттық парктегі тағы бір коттеджінен айырылуы мүмкін, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

ФБРК Telegram-арнасы мәліметінше, Іле-Алатау ұлттық паркі Тимур Құлыбаевтың компаниясына тиесілі тағы бір коттеджді бұзуды талап етіп отыр. Саябақ өкілдері бұл нысан жеке үй ретінде пайдаланылады деп отыр.

Ал Nege.Aqsha мәліметінше, 2011 жылы негізгі иесі Құлыбаев саналатын "Кипрос" ЖШС Талғар ауданының Көкбастау орманшылығынан 2 гектар жер учаскесін пайдалануға алған.

"Жер туристік қызмет үшін берілген, алайда ол жерде қазір үй тұр", - деп жазды арна.

Ұлттық саябақ өкілдері шартты бұзуды сұрап, сотқа жүгінді, бірақ судья дауды бейбіт жолмен шешуге әрекет жасау қажет екенін мәлімдеп, сот ісін кейінге қалдырыпты.

Бұған дейін "Кипрос" ЖШС Ұлттық парк аумағындағы басқа үйді бұзып, учаскені мемлекетке қайтаруға міндеттелген болатын. Жер туризмді дамыту үшін берілген, бірақ тексеріс кезінде келушілер болмаған.

ФБРК мәліметінше, компания бұл нысан туристік мақсатта пайдаланылмайды деген тұжырыммен келіспейді және оны сүру туралы шешімге қарсы шыққысы келеді.

Айта кетейік, бұған дейін Назарбаевтың ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаев Әбу-Дәбидің өңшең ығай мен сығайлар тұратын Nudra Villas ауданында виллалар кешенінің құрылысын аяқтаған болатын.

Nudra Villas ауданындағы виллалар кешенінің құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталған болатын. Әл-Саадият аралындағы кешенде әр түрлі 32 вилла орналасқан. Әзірше ауқымды жобаның құны жайында нақты ақпарат жоқ. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар