Құлыбаев Әбу-Дәбидің іргесінде ығай мен сығайлар тұратын вилла кешенін салып бітті

Нұрлан Жұмахан 14 ақп. 2024 17:01 8779

Назарбаевтың ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаев Әбу-Дәбидің өңшең ығай мен сығайлар тұратын Nudra Villas ауданында виллалар кешенінің құрылысын аяқтады, – деп жазады Dalanews.kz.

«Выход к море» телеграм арнасының жазуынша хан сарайындай виллаларды экс-президенттің күйеу баласының Біріккен араб әмірліктерінде тіркелген құрылыс компаниясы арқылы салған.

Әзірше ауқымды жобаның құны жайында нақты ақпарат жоқ. Жылжымайтын мүлік саласы мамандары мұндай ауқымды жобаны салу үшін кемінде 11 млрд теңге керек екенін алға тартыпты.

Nudra Villas ауданындағы виллалар кешенінің құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталған болатын. Әл-Саадият аралындағы кешенде әр түрлі 32 вилла орналасқан.

БАӘ тарабы қазақстандық инвесторға виллалардың құрылысын жүргізуге 25 гектар жер телімін бөлген. Құлыбаевтың құрылыс компаниясы салып біткен элиталы үйлер теңіз жағалауына жақын. Бай-манаптардың тұруына өте қолайлы. Бұл үйлерді сатып алған бақытты жандар үйден шыға салып, теңізге шомылып, күнге қыздырына алады.

Бір қызығы Тимур Құлыбаевтың компаниясы соңғы вилланы ұзақ салса керек. Оның өзіндік сыры бар.

Әңгіме арасында кешенінің құрылысы 2020 басталғанын айттық қой. Ол кезде Назарбаевтың күйеу баласының ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған еді.

Кейіннен Қаңтар оқиғасы орын алып, қайын атасы да, өзі де биліктен шететтілгеннен кейін Құлыбаевтың да мазасы болмағаны анық. Осы аралықта оның Араб әмірліктерінде салынып жатқан құрылысқа бас ауыртатындай мұршасы болмаса керек.

Кейіннен Тимур Құлыбаев өз-өзіне келгеннен кейін виллалардың құрылыс жұмыстары өз арнасына түскен.

Осылайша 2023 жылы вилла кешеніне тиесілі аумақ 50 гекатарға дейін артып, толықтай қоршалады. Сонымен қатар соңғы вилланың іргетасы құйылып, құрылысы қарқынды жүре бастайды.

Әбу-Дәбиде жылжымайтын мүліктің реестрін кез келген адамның көруіне шектеу қойылған. Бірақ «Выход к море» телеграм арнасы құрылыс жұмыстарына араласып жатқан бір мердігер компанияның портфолиосын сүзігіден өткізіп, біраз жайтты анықтапты.

Портфолиодағы бір фотода Nudra Villas ауданындағы вилла кешенін салуға Steppe Infrastructure SPV Limited компаниясы тапсырыс бергені тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал портфолиодағы фотоға мұқият қарағанда, фотоның WhatsApp арқылы жіберілгенін анықтапты. Фотоның файлы «WhatsApp-Image-2023-10-06-at-10.06.11-AM-1». Бұдан суреттің 2023 жылдың 6 қазанында жіберілгенін байқауға болады.

Google Earth сервисі соңғы рет вилла кешені салынып жатқан аумақты фотоаға 2023 жылдың тамыз айында түсірген. Онда соңғы вилланың іргетасы құйылып, құрылыс жұмыстарының қарқын ала бастағанын көруге болады. Ал мердігер компанияның портфолиосындағы фотодан құрылыстың негізіг жұмыстары аяқталып, фото 2023 жылдың 6 қазанында түсірілгенін байқауға болады. Бұдан Тимур Құлыбаевтың Nudra Villas ауданындағы вилла кешененің құрылысы аяқталғанын байқауға болады.

Ендігі кезекте Тимур Құлыбаевтың Steppe Infrastructure SPV Limited компаниясына қаншалықты байланысы бар деген басты сұраққа жауап іздеп көрсек. «Выход к море» телеграм арнасы Тимур Құлыбаев өзіне тиесілі шетелдік компанияларын құзырлы орындарға тіркеткенде «Steppe» сөзін жиі қолданатын болса керек.

Арна зерттеушілері Steppe Infrastructure SPV Limited компаниясының соңғы бенефициары Испанияда тіркелген Flinder Data SL компаниясы екенін анықтапты. Flinder Data SL компаниясына Испанияның Каталония аймағындағы көптеген жылжымайтын мүліктер тіркелгені көпшілікке белгілі.

Оның арасында сәні мен салтанаты жарасқан Can Juncadella вилласы да бар (фотосы жоғарыда). Бұған дейін теңіз жағасындағы қыратқа салынған Can Juncadella вилласы негізгі қожайыны экс-президент Нұрсұлтан Әбішұлы екені жайындағы ақпарат тараған болатын.

Әбу-Дәбидің іргесінде, теңізге тиіп тұрған жердегі Nudra Villas ауданынан вилла кешенін салуға қомақты қаржы керек екенін біз айтпасақ та түсінікті. Өз кезегінде телеграм арна Құлыбаевтың мұндай вилла кешенін салуға 24 млн доллар (10,7 млрд теңге) жұмсауы мүмкін деп өз болжамын келтіріпті.

Бұл – қарапайым халықтың түсіне кірмейтін ақша. Ал Құлыбаев үшін кезекті бизнес жобалардың бірі болуы мүмкін.

Назарбаевтың күйеу баласы салған вилла кешенін түп көтеріп, елге әкелетін мүмкіндік жоқ. Бірақ әлгі виллалар ыстық бәліш секілді сатылып кеткеннен кейін, ақшасын елге қайтаруға күш салуға болар деп үміттенеміз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар