Қуғын-сүргіннің көлеңкесінде қалған тарих: Жаңа деректер жарияланды

Dalanews.kz 30 қыр. 2024 09:50 6054

Бүгін Алматыдағы ҚР Президенті мұрағатының ғимаратында тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді мен Қазақстан Республикасы Президенті архиві ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу Орталығының басшысы – саяси ғылымдарының докторы, профессор Гүлшат Рамазанқызы Нұрымбетова «Алашорда ісі» деп аталатын 12 томдық зерттеу еңбегінің алғашқы 6 томын журналистерге таныстырды. 

Өз кезегінде Гүлшат Рамазанқызы 12 томдықтың қалған бөлігінің де жақын арада жарыққа шығатынын айтты.

– Алаш ардақтыларын ақтауға қатысты бұған дейін біраз зерттеулер жарияланды. Жаңадан шыққан көптомдықта бұрын халыққа беймәлім болып келген деректерді жариялауға күш салдық. Алғашқы 6 томдықтың өзінде бұған дейін еш жерде жарияланбаған тың деректер мен фотосуреттер кездеседі. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия мүшелерінің жинаған материалдары сол кездегі саяси ахуалды дәл сипаттайды. Біз 12 томдықта тек Алаш арыстарымен ғана шектелмедік, сонымен қатар сол жылдары әміршіл-әкімшіл жүйенің репрессиясына ұшыраған дәулетті адамдар мен діни қайраткерлер туралы тың деректерді де жинадық, – деді Гүлшат Рамазанқызы.

Жыл басында Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин комиссия мүшелерін жинап, үш жылдан астам уақыт жүргізілген жұмыстардың қорытындысын жасады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия жұмысының арқасында Қазақстандағы репрессия жылдарында орын алған тарихи әділетсіздіктерді қалпына келтіріп, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған мыңдаған адамды ақтады. Қазақстанның әр аймағында қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар анықталып, олардың тізімі жасалды. Бұл тізімдер архивтік деректер негізінде құрастырылды.

Тарихи зерттеулер барысында көптеген архивтік құжаттар ашылып, сол арқылы саяси қуғын-сүргін оқиғалары туралы ақпарат нақтыланды. Комиссияның зерттеу нәтижелері бойынша заңсыз сотталған азаматтар толықтай ақталып, олардың құқықтары қалпына келтірілді.

Кездесу барысында белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді Алашорданың қазақ жеріндегі алғашқы ұлт-азаттық қозғалыс болғанын атап өтті:

– Патша өкіметі ұлт-азаттық мәселесін көтерген азаматтарды ұстап, түрмеге жауып, қазақ жерінде мемлекет құру мәселесін күн тәртібінен түсіруге тырысты. Кейіннен Кеңестік идеологтар да Алаш арыстарының соңына түсіп, оларды қуғын-сүргінге ұшыратты. Біз шығарған 12 томдық еңбектен сол кездегі саясаттың қалай жүргізілгенін тарихи құжаттар арқылы анық көруге болады. Бұл құжаттардың рухани күші бар деп есептеймін.

Көрші мемлекеттерде де бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде, бірақ Қазақстанда басталған жұмыстар ауқымы жағынан кеңірек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың комиссия құрып, бұл істі мемлекеттік деңгейде жүргізуге мүмкіндік бергеніне тарихшылар дән риза. Сондай-ақ, комиссия жұмысына төрағалық еткен Ерлан Қариннің де еңбегі зор екенін айта кеткен жөн. Алаш арыстарының асыл армандары бізге күш-қуат береді деп сенемін.

Еліміз үшін қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатында алдағы уақытта да тарихи зерттеулер жүргізу маңызды болып қала береді. Комиссияның жұмысы тоталитарлық кезеңнің зардаптарын жоюға бағытталған маңызды қадам болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар