"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы Astana International Exchange (AIX) биржасы арқылы 1,604 млрд юань (шамамен 224 млн доллар) көлемінде қарыз алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл қаражат 2028 жылдың 15 желтоқсанына дейін қайтарылуы тиіс. Компания инвесторларға жыл сайын 4,2% сыйақы төлейді.
Бұл қадам ҚТЖ-ның 2050 жылға дейін жалғасатын ірі қарыз алу бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Бағдарламаның жалпы көлемі 2,246 трлн теңгеге (шамамен 4,6 млрд доллар) дейін жетеді.
Алынған қаржы жаңа теміржол желілерін салуға және пойыздар мен вагондарды жаңартуға бағытталмақ.
Айта кетейік, ҚТЖ 2011 жылдан бері акцияларын биржаға шығару (IPO) жоспарын бірнеше рет мәлімдегенімен, бұл жоспар әлі жүзеге асқан жоқ.
Еске салайық, ҚТЖ қарызы көп компаниялардың бірі. 2024 жылы Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов "Қазақстан темір жолы" АҚ-ның қарызы шамамен 3 триллион теңгеге жеткенін айтты. Ол ҚТЖ-ға банкрот қаупі төніп тұрғанын да ашық мәлімдеген еді.
"Соңғы 4 жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге бөлінген, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд. теңге жұмсалған. Бұл экономиканың жүктер мен жолаушыларды тасымалдау қажеттілігін үздіксіз және сапалы қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болып шықты. Салдарынан теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған. ...Бүгінде ҚТЖ өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредит қаупінің "қызыл" аймағында тұр. Оның борышы 2024 жылдың басында 2,9 трлн теңге болды, ол әлі де өсіп жатыр. Жалпы борыштың 45 пайызы немесе 1,3 трлн теңгесі бұрын алынған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған", - деді ол.
Сарапшы Олжас Құдайбергенов ҚТЖ-да мәселе бары рас екенін, дегенмен Смайылов төндіргендей қауіп жоғын айтты.
"ҚТЖ-да проблема көп, бірақ банкрот болуы мүмкін емес. Қазір қайта ҚТЖ-ның жағдайы жақсарып келе жатыр. 2023 жылы табысы 30 пайызға көбейіп, ал таза пайдасы 4 есе өсті. ҚТЖ жыл сайын төленетін қарызын төлеп жатыр", - деді ол.
