«ҚТЖ» 1,4 млрд теңге айыппұлды төлемейтін болды

Көркем Алдабергенова 30 қаң. 2026 11:32

Астананың әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «ҚТЖ–Жүк тасымалы» компаниясына ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабының 3-1-бөлігі бойынша 1,4 млрд теңге көлемінде айыппұл салғаны туралы ақпарат жарияланған болатын. Сот шешімімен ҚТЖ қомақты айыппұлды төлемейтін болды, деп хабарлайды Dalanews.kz Polites.news сайтына сілтеме жасап. 

Айыппұл салуға Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қорытындысы негіз болған. Агенттік компания 2023 жылы жүк теміржол тасымалы нарығына қолжетімділікті шектеп, аффилирленген құрылымдарға - «ҚТЖ-Экспресс» АҚ мен «Кедентранссервис» АҚ-қа артықшылық берген деп көрсеткен.

2025 жылғы 22 тамыздағы бірінші сатыдағы сот шешімі 15 қыркүйекте апелляциялық инстанция тарапынан өзгеріссіз қалдырылды. Осыдан кейін айыппұл заңды күшіне енген.

Алайда іс кассациялық тәртіпте Қадағалау сотының төрағасының ұсынысы және Бас көлік прокурорының міндетін атқарушының наразылығы негізінде қайта қаралды. Сот компанияны әкімшілік жауапкершілікке тарту барысында елеулі процессуалдық заңбұзушылықтарға жол берілген деген қорытындыға келді.

Атап айтқанда, Жоғарғы сот сол фактілер бойынша бұған дейін істі тоқтату туралы қаулы шығарылып, материалдар Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданғанын көрсетті. Соған қарамастан, уәкілетті орган кейін дәл сол деректер бойынша қайтадан әкімшілік хаттама жасаған.

Бұл әрекет ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің талаптарына қайшы келеді. Заңға сәйкес, іс тоқтатылғаны жөніндегі күшін жоймаған қаулы бар жағдайда, сол фактілер бойынша жаңа әкімшілік іс қозғауға жол берілмейді.

Сонымен қатар, кассациялық сот айыппұл мөлшерін есептеу кезінде төменгі сатыдағы соттар компанияның барлық табысын негізсіз түрде есепке алғанын атап өтті. Ал заң бойынша айыппұл тек бәсекелестікке қарсы әрекеттер орын алды деп көрсетілген нақты тасымалдардан түскен табысқа байланысты есептелуі тиіс.

Нәтижесінде Жоғарғы сот бірінші және апелляциялық сатылардың қаулыларын толықтай жойып, әкімшілік құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты іс жүргізуді тоқтатты.

Осылайша, 2025 жылдың күзінде кеңінен талқыланған 1,4 млрд теңге көлеміндегі резонансты айыппұл БАҚ-та жарияланғаннан кейін төрт ай өткен соң түпкілікті түрде күшін жойды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove