Мәжіліс депутаты Серік Мақашұлы көтерген қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтару мәселесіне байланысты Қаржы министрі Мәди Тәкиев қазіргі жағдайға тоқталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары ҚҚС қайтару көлемі жыл сайын өсіп келеді. 2023 жылдан бері қайтарылмаған қалдықтар келесі жылға ауысып, жүйелі сипат алған. 2024 жылы кәсіпкерлерге 1 трлн 354 млрд теңге қайтарылса, биылғы жоспар 1 трлн 800 млрд теңге болғанымен, жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 3 трлн 400 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін.
2026 жылдың басынан бері 400 млрд теңгеден астам ҚҚС қайтарылған. Сонымен қатар, тексеруден өтіп, қайтарылуға жататын шамамен 1 трлн теңге көлеміндегі қаражат әлі төленбеген. Оның 60 пайыздан астамы «Самұрық-Қазына» тобына кіретін компанияларға тиесілі.
Мәди Тәкиевтің сөзінше, жаңа Салық кодексінде ҚҚС-ты әкімшілендіру мен қайтарудың жаңа тетіктері қарастырылған. Соның нәтижесінде ҚҚС қайтарушылар саны 2,3 мыңнан асты, оның 600-ден астамы – шағын және орта бизнес субъектілері.
Алайда министр мәселенің толық шешілгенін айтқан жоқ. Қаржы министрлігінің мәліметінше, ҚҚС қайтару көлемінің жоғары болуы және жыл сайынғы қалдықтардың келесі жылға ауысуы әзірге сақталып отыр, сондықтан жаңа тәсілдердің тиімділігі уақыт өте бағаланатын болады.