Қостанайлық нейрохирург Арқалықтан келген науқастың өліміне себепкер болды деп айыпталуда. Марқұмның туыстары дәрігердің операцияны мас күйінде жасағанын айтады. Дәлел ретінде олар операциядан кейін бірден түсірілген бейнежазбаны ұсынған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«31 арна» мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған кадрларда Қостанайдың белгілі нейрохирургі бейнеленген. Ол Арқалықтағы науқасқа операция жасау үшін арнайы көлікпен келген. Алайда операциядан кейін оның мінез-құлқынан күмәнданған марқұмның туыстары дәрігер мінген көлікті тоқтатқан. Олардың айтуынша, дәрігер дәл осындай жағдайда олардың әкесіне операция жасаған және содан кейін қаладан тез кетуге тырысқан. Бірақ полицейлер оны медициналық тексеруге алып кеткен. Бейнежазбада алкотестер де көрінеді. Марқұмның қызының айтуынша, дәрігердің қылығы бастапқыда ағасына күдік тудырғанымен, ол оны дәрігердің мінез ерекшелігі шығар деп ойлаған. Операция бас сүйегіндегі гематомаға байланысты жасалған. Ал кейін, туыстарының сөзінше, медициналық қызметкерлер олардың күдігін растаған.
"Сол кезде операция кезінде медбикелер оның теңселіп тұрғанын, әрең жүргенін байқаған. Ол операцияны жасап болған соң травматологты шақырған. Травматолог келген соң жара ашық екенін, оны тігу керек екенін айтқан. Кейін медбикелер оның кабинетінде ұйықтап жатқанын көрген", – деді марқұмның қызы Әсел Оспанова.
Бейнежазбаның операциядан кейін бірден түсірілген-түсірілмегенін тергеу анықтайды. Ал Қостанай облыстық шұғыл медициналық жәрдем станциясы дәрігердің көлік тізгінінде болмағанын хабарлады.